Елордада жатақханадан өрт шығып, бес адам уланды

15.10.2024 19:04

Өрттің себебі анықталуда

Астанада көпқабатты жатақхана өртке оранды. Қызыл жалын 850 шаршы метрді шарпыған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалдамалы пәтерлері тұтас жанып кеткен тұрғындар қайда барарын білмей әлек. Түндегі апаттан соң кейбірі әлі есін жия алмаған. Киім-кешек, жиһаз, құжаттарына өрт құшағында қалған. Төтеншеліктер әлдеқашан жалыннан келер қауіпті тоқтатып, аумақтағы ахуалды бір қалыпқа келтіргенімен, үміті сөнбеген тұрғындар жатақхана маңын әлі жағалап жүр.

"Еңбекпен тапқан заттарымыз, құжаттар жанып кетті. Көмектесетін адам болған жоқ. Қалтырап, дірілдеп жүгіріп жүрдік", – деді тұрғын

"Өрттің нақты неден шыққанын білмейміз. Біреулер бөлмесінде пеш қосқан сияқты. Жалын содан тұтанған, түсінбей қалдық. Далаға қаша жөнелдік", – деді тұрғын.

 Тілсіз жау жатақхананың шатыры мен 3-4 қабаттағы бөлмелерді әбден зақымдаған.Тұрғындар уақытша жерге орналастырылған. Өрттен 5 адам зардап шекті. Қатарында бала мен ересектер жоқ. Ал денсаулық сақтау басқармасы мамандарының ақпарынша, науқастың төртеуі көміртегі тотығымен уланған.

"Тараз көшесіндегі өрттен 1 көпбейінді қалалық ауруханаға жедел жәрдем қызметімен 5 адам жеткізілді. Олардың төртеуі уланған. Олардың жағдайы орташа тұрақты деп бағаланады. Ал біреуі амбулаторлық емханаға ауыстырылды", – деді Денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айжан Ақай.

Қызыл жалын арасынан тағы 6 адам құтқарылған. Олардың барлығы да аман. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сенсек, тілсіз жау таралған аумақ 850 шаршы метр. Ал өрттің нақты неден шыққаны әлі анықталмады. Тұрғындардың шығыны да белгісіз. Оны құрылған арнайы комиссия анықтайды.

"Өрт сөндірушілер Астана қалалық ТЖД қызметкерлері жоғары ранг бойынша келіп жетті. Өртті сөндіру кезінде жеке тұрғын үй секторымен арасындағы жолға техниканы орналастыру қиын болды. Өрт жалпы ауданы 850 шаршы метрді құрады", – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.

Айта кетейік, елімізде биыл жеке тұрғын үй секторында 8 мың өрт тіркелген. Көрсеткіш жылыту маусымы кезінде көбейетін көрінеді. Соңғы 9 айда тілсіз жаудан 213 адам қаза болған, тағы 200-ден астамы жарақат алған. Өрттің өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында байқалады.

Кәмшат Мұхамеджан, Астана

Оқи отырыңыз: Шетелден 7 айлық қазақстандық бала табылды