Елордадағы жаңа жұмыс кестесі кептелісті азайтты ма, әлде қиындық әкелді ме

23.09.2025 20:33

Тұрғындар наразылығына әкімдік өкілдерінің айтар өз уәжі бар

Елордада жаңа жұмыс кестесімен 25 мың адам жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің өкілдері бір аптадан бері қызметіне таңғы сағат 7:30-дан кірісуде. Ал жекеменшік компаниялар мен мектептер, балабақшалар мен емханалар, халыққа қызмет көрсету орталықтары бұрынғы режимде жұмыс істеп жатыр. Өзгеріс қаладағы кептелісті кем дегенде 15 пайызға азайтуы қажет еді. Алайда қала халқы «баяғы жартас - сол жартас» екенін айтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Елордадағы бірқатар мекеменің жаңа жұмыс кестесіне көшкеніне бір аптадай уақыт өтті. Мемлекеттік қызметкерлер ісін таңғы 7:30-да бастап, сағат 17:00-де аяқтап жүр. Алайда көмекке жүгінген тұрғындар «шенеуніктерді не түскі үзілісте, не кешкі сағат 18.00-де таппай қаламыз» дейді. Өйткені, екі тараптың жұмыс уақыты сәйкес келмейді. Әкімдіктің бұл өзгерісті енгізудегі мақсаты – шаһардағы кептелісті кем дегенде 15 пайызға азайту болған. Алайда жұрт керісінше көлік жүктемесі көбейді дейді. Әсіресе, балаларды балабақша мен мектепке тасу қиындағанын айтады. Себебі, білім нысандарының есігі тек сағат 8.00-де ашылады, ал ата-аналар сағат 7:30-да жұмыста болуы керек.

«Сағат 7:30 бен 8:00 аралығы ата-аналар үшін ыңғайсыз болып тұр. Өйткені жұмыс 7:30-да басталса, ал балабақша 8:00-де ашылады. Осы уақыттың ішінде баланы жеткізіп үлгеру қиын. Тіпті көлікпен барса да, автобуспен барса да үлгермейтін сияқты», – деді қала тұрғыны Алтынай Жахметбекова.

«Жаңа кестеден айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Тек жолдағы кептеліс уақыты ұзарғандай», - деді қала тұрғыны Мейіржан Жұманов.

Ал әкімдік өкілдерінің бұған айтар өз уәжі бар. Олардың айтуынша, ата-аналардың шағымына қатысты заңда нақты тетік қарастырылған екен. Яғни, баласы бар қызметкерлер жұмыс берушіге ресми түрде өтініш жазып, қашықтан немесе икемді графикте жұмыс істеу мүмкіндігін талап ете алады. Бұл құқық еңбек заңнамасында бекітіліпті.

«Қашықтан жұмыс және икемді жұмыс уақыты режимдері Еңбек кодексінің 74-бабы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы № 120 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтан жұмыс істеу, аралас қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу қағидаларына» сәйкес реттеледі», - деді Астана қаласының әкімдігі.

Ал сарапшылар мұндай тәжірибе дамыған мемлекеттерде бұрыннан бар екенін және тиімділігін көрсеткенін айтады. Мәселен, АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде мемлекеттік қызметкерлер өзге сала өкілдеріне қарағанда жұмысын бір жарым сағат ерте бастайды. Жергілікті жұрт бұл өзгеріске бейімделгендіктен жолда жүктеме аз дейді. Ал кептеліс бір-екі күнде шешілетін мәселе емес. Нақты нәтиже біраз уақытты талап етеді екен.

«Кептелісті азайтуға бұл бастама өз әсерін тигізер еді деп ойлаймын. Мысалы, мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа 1–1,5 сағат ертерек барса, кейінгі халық жолды еркін пайдаланар еді. Оның тиімді тұстары бар. Әрине, қызмет алуға келгендер үшін аздап қолайсыздық болуы мүмкін. Өйткені қажеттілігі бар адамдар мемлекеттік қызметкерлердің жаңа жұмыс кестесіне бейімделуге мәжбүр болады. Бірақ кімге қажет болса, ол ертерек тұрады. Жалпы, бұл бастаманы дұрыс деп есептеймін. Әсіресе Астана мен Алматы үшін бұл өте өзекті мәселе. Жолдағы салмақты азайтпаса болмайды», - деді әлеуметтанушы Абылайхан Қалназаров. 

Сарапшы бастаманың тиімді не тиімсіз екенін дөп басып айту әлі ерте дейді. Өйткені, жаңа жұмыс кестесінің енгізілгеніне бар болғаны бір апта өтті. Әзірге елордалықтардың өзгеріске бейімделуіне тура келеді. Десе де, тұрғындар әкімдік «артық қыламыз деп, тыртық қылмасаболғаны»  дегенді алға тартады. Жолдың жырын жырлап жүргенде туындаған бірқатар мәселе елеусіз қалмаса деген тілек білдірді.

Мәди Бижан, "Алматы" телеарнасы, Астанадан  

Оқи отырыңыз: Мал өлексесі де тасталады: Талғардағы ауыл тұрғындары мүңкіген иіске тұншығып отыр