Қала күніне орай шаһардың әр ауданында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды
Биыл Елорданың құрылғанына 27 жыл толды. 1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде тарихи шешім қабылданып, келесі жылдың 6 мамырында шаһарға Астана атауы берілді. Содан бері Бас қала тәуелсіздіктің символына, батыл бастамалар мен өршіл жобалардың жүзеге асатын ордасына айналды. Қала күніне орай шаһардың әр ауданында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың көңіл күйін көтерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Биыл Астана 27 жыл толуын атап өтуде. Осы уақыт ішінде қала өршіл идеядан бастап, инновациялар мен инвестицияларды тартатын заманауи орталыққа айналды. Биыл Астана күні Ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл қос мереке халқымыздың рухани байлығын, ұлттық дәстүрге деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді. Мереке қарсаңында қалада 100-ден астам мәдени, спорттық және отбасылық іс-шара ұйымдастыру қолға алынған. Оның ішінде орталық саябақтағы «Отбасылық мереке» де бар. Бұл жерде ұлттық қойылымдар, спорттық ойындар, қазақ тіліндегі мультфильмдер көрсетіліп, отбасы құндылықтары ұлықталды.
«Біз енді жалпы биыл әр жылы іс-шараларды көбейтуге, әртүрлендіруге, ерекшелендіруге тырысамыз. Бүгін де ұлттық домбыраны ерекше етіп өткізгіміз келді. Яғни, қала қонақтары жалғыз концертті ғана таиашаламай, Атырау көпірінде күйші-домбырашылардың өнерін де тамашалай алады», - деді Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Салтанат Муксимова.
Астана бүгінде ең тартымды әрі қарқынды дамып келе жатқан қалалардың біріне айналды. Мұнда сенімді демографиялық өсім байқалады. Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша қала халқының саны 1 миллион 550 мың адамға жеткен. Ал осы жылдың алғашқы төрт айының өзінде елордаға 23 мыңнан астам тұрғын көшіп келіпті. Қала күніне арналған іс-шаралардың әрқайсысына шамамен он мыңнан астам адам жиналып, мерекені атап өтті.
«Астана күнімен қатар Домбыра күні де аталып өтіп жатыр. Сол концертте жас орындаушылар тамаша күйді орындады. Жалпы мерекенің ұйымдастырылуы деңгейі халықтың көңілінен шықты», - дейді қала тұрғыны Тілеуқұл Әбдуәлитов.
Тұрғындар саны мен құрылыс көлемінің артқанына қарамастан, қалада экология мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары елорданы «бақ-қала» ретінде дамытуға бағытталған жобалар белсенді жүзеге асып жатыр. Биылдың өзінде 180-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылмақ. Ал былтыр Астана мен оған іргелес «жасыл белдеуде» 1 миллионға жуық жасыл желек егілген.
Астана күні мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Орталық саябақта ерекше алып мысық мүсіні орнатылды. Биіктігі төрт метр болатын бұл нысан қайта өңделген пластиктен жасалған. Кез келген қала тұрғыны мүсінді пластикалық бөтелке қақпақтарымен безендіруге қатыса алады.
Мерекеге жиналған тұрғындар да елорданың жылдан-жылға көркейіп, жасылдана түскенін атап өтті. Айтуларынша, Астана жай ғана мегаполис емес, өмір сүруге қолайлы, заманауи қалаға айналып келеді.
«Эко-мысық мүсінін қоюдағы мақсат - Астана қаласының экологиясына пайдамызды тигізу. Халық бұл мүсін арқылы қоршаған ортаны қорғау керек екенін түсінеді», - дейді жобаға қатысушы Зере Баяхметова.
«Ең алғаш келгенде Астана жаңа салынып жатқан еді. Қазір ауланың ішінде ағаштың неше түрі өсіп тұр. Барлық гүл де, ағаштар да керемет, балаларымыздың бақытты балалық шағы өтіп жатыр», - дейді қала тұрғыны Айторы Құрманова.
«Астана біз келген кезде енді ғана көгалданып жатқан еді. Бірақ қазіргі кезде керемет гүлденіп кеткен. Көгалдандыру жұмыстары қала бойынша жақсы жүріп жатыр», - дейді қала тұрғыны Қобыланды Дәулетов.
Қала күніне арналған іс-шаралар легі ашық аспан астында өткен концертке ұласты. Эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен кешті тамашалауға 100 мыңнан астам адам жиналыпты.
Мәди Бижан, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Шымкентте үш жасар бала алтыншы қабаттан құлап кетті