Қауіпті вирус елімізге келмес үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр
Руандада Марбург вирусын жұқтырып, көз жұмғандардың саны 13-тен асты. Дәрігерлер қауіпті індеттің емі де, вакцинасы да жоғын алға тартып отыр. Осыған байланысты қазақстандық әуежайларда санитарлық бақылау күшейтілген. Мамандардың айтуынша, елде жағдай тұрақты. Бұл не ауру? Белгілері қандай? Осы және өзге де сұрақтарға бізбен тікелей байланысқа шыққан Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Жайдаркүл Асқанқызы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Марбург вирусын Қазақстан еліне алып келмес үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі күні денсаулық сақтау министрлігі осы әлемдегі қалыптасып отырған Марбург вирусының эпидемологиялық жағдайын жіті бақылауға алып отыр. Және халықаралық әуежайларда және мемлекеттік шекараларда санитарлық бақылау пункттерінің жұмысы күшейтілген. Барлық келген жолаушылар жіті термомериялық бақылаудан өтіп отыр», - деді Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Жайдаркүл Отарбекова.
Ал вирустың таралуына не себеп? Алғашқы белгілері қандай?
«Негізінен табиғатта бұл аурудың тасымалдаушысы жарғанаттар болғандықтан, олардан адамға беріледі. Сонымен қатар адамнан адамға берілу жолдары да кейінгі кездері кездесіп жүр. Негізінен бұл адамнан адамға тығыз жанасу арқылы беріледі. Яғни, шырышты қабаттардың зақымдануы, тері қабаттарының зақымдануы кезінде тікелей беріледі. Немесе ауру адамның қолданған заттарын пайдаланған кезде немесе жанасқан кезде беріледі. Негізгі клиникалық белгілеріне келетін болсақ, ең алдымен, дене қызуы көтеріледі. Аты да Марбург қызбасы деп тұр. Екіншіден, бас ауруы, көзінен, мұрнынан қан кетуі бірінші клиникалық белгілері саналады», - деді Жайдаркүл Отарбекова.
Оқи отырыңыз: Ұлттық кино: бюджет қаржысына түсірілген фильмдер неге жарық көрмеген