Ең төменгі жалақыны арттыру отандық өндірісті дамытумен қатар жүруі тиіс - алматылық сарапшы

05.11.2026 12:57

Сарапшының айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі халықтың тұрмыс деңгейімен тікелей байланысты

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі

Оралбек Карим Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне берген пікірінде Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауында көтерілген ең төменгі жалақыны арттыру және ұлттық экономиканы одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сарапшының айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі халықтың тұрмыс деңгейімен тікелей байланысты. Қазіргі экономикалық жағдайда азаматтардың қаржылық мүмкіндіктері күнделікті өмір сапасын айқындайды. Сондықтан ең төменгі жалақыны арттыру халықтың әл-ауқатын жақсартудың бір тетігі бола алады.

Сонымен қатар тарихшы бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажеттігін атап өтті. Жалақыны арттыру кезінде ықтимал инфляциялық тәуекелдер мен оның ішкі нарықтағы тауарлар мен қызметтер бағасына әсерін де ескеру маңызды.

Оралбек Карим елдің экономикалық мүмкіндіктеріне, соның ішінде Ұлттық қордың ресурстарына, сондай-ақ халықаралық сараптамалық бағалаулардың нәтижелеріне назар аударды.

«Қазақстан тек шикізат өндіретін ел болып қалмауы керек. Біз өз елімізде шикізатты өңдеуді дамытып, дайын өнім өндіріп, оны әлемдік нарыққа ұсынуымыз қажет. Яғни, біз шикізатты экспорттаумен ғана шектелмей, қосылған құны жоғары өнім шығаратын мемлекетке айналуымыз керек», – деді Оралбек Карим.

Сарапшының пікірінше, халық табысын арттыру отандық өндірісті нығайтумен, өңдеу өнеркәсібін дамытумен және тұрақты экономикалық модель қалыптастырумен қатар жүруі тиіс.

Оқи отырыңыз: «Халықтық құрылыс» жобасы адами капиталды дамытуға үлес қосады - саясаттанушы

Толық көрсету