Медициналық авиация ұжымында 57 қызметкер жұмыс істейді
Астанада медициналық авиация қызметкерлері еңбек жағдайына көңілі толмайтынын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Әуеде жүріп, басымызды қауіп-қатерге тіксек те, еңбегіміз еленбейді». Бұл - санавиацияда қызмет ететін медицина мамандарының жанайқайы. Сала мамандары «жалақы жеткіліксіздігі үлкен мәселе болып отыр» дейді. Ақ халаттылардың айтуынша, 30 жылдан астам еңбек еткен ардагер қызметкерлердің 300–350 мың теңге көлемінде айлық алады екен.
«Медициналық авиацияда жұмыс істейміз, ауыр науқастарды тасымалдаймыз. Жұмысымыз оңай емес, әуеде жұмыс істеудің өз қиындығы бар, оған қоса сәулеленудің де денсаулығымызға зияны тиеді. Осындай қауіп-қатерге қарамастан еңбек етіп жүрміз. Бірақ еңбегімізді ешкім байқамайды, проблемаларымызды да ешкім білмейді. Сондықтан естіп, жағдайымызға назар аударса екен дейміз», – деді ҰШМҮО Медициналық авиация мобильдік бригадасының фельдшері Гүлден Райова.
Мамандар жедел жәрдем қызметімен бұйрық бойынша жұмыс істесе де, екі саладағы жалақының айырмашылығы жер мен көктей деп отыр. Олар сондай-ақ түрлі әлеуметтік жеңілдіктерден де құр қалатынын айтты. Бұған қоса, кейде жалақының кешігіп төленетіні тағы бар.
«Жалақымыз кешігіп жатыр. Мысалға бәрімізде кредиттер, ипотека бар. Әріптесім айтпақшы, жеңілдіктерден қағалып келеміз. Жедел жәрдем қызметкерлері мәртебесі бар», – деді ҰШМҮО Медициналық авиация мобильдік бригадасының фельдшері Жасұлан Сәдуақасов.
Қазір медициналық авиация ұжымында 57 қызметкер жұмыс істейді. Олар күн сайын орта есеппен 1–2 ұшу орындайды. Шұғыл медицинаны үйлестіру ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Асхат Сапаровтың айтуынша, қаңтар айынан бастап барлық жедел жәрдем бригадаларының, оның ішінде фельдшерлер мен дәрігерлердің жергілікті бюджеттен төленетін жалақысын көтеру туралы ұсыныс жасалған. Алайда аталған мекемеге арнайы бұйрық келмеген. Қазір олар бұл мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне тағы да хат дайындап жатқанын жеткізді.
«Бір нормадағы бюджет бар. Соның ішінде бұл кісілердің жалақысы да, басқа да төлемдері қарастырылған. Жалақысын көтеру мәселесіне қастысты жоғарыдан бұйрық болмаса, бюджеті қайтадан қарастырмаса, қолымыздан келмейді», – деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары Асхат Сапаров.
Кейінірек жауаптылар арнамызға арнайы есеп парағын ұсынды. Онда мобильдік бригададағы дәрігердің орташа жалақысы 800–900 мың теңге, фельдшердікі 410–480 мың теңге, шақыртуларды қабылдау жөніндегі фельдшер-диспетчердің жалақысы 350–400 мың теңге, ал санитардың жалақысы 300 мың теңге шамасында деп көрсетілген.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Әкемді ұрып, талдырған: әріптесі өлімші етіп сабаған ер адамның жансақтау бөлімінде жатыр