Түрксіб аудандық Полиция басқармасы денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады
«Әкемді ұрып, талдырған». Алматыда 40 жастағы ер адамды әріптесі мен тағы 2 ер кісі өлімші етіп сабап, ауыр халде тастап кеткен. Жәбірленушінің ұлы осылай деп мәлімдеп, кінәлілердің қатаң жазалануын талап етіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бейнежазбаларды ауыр жарақат алған 40 жастағы Руслан Аметовтың ұлы ұсынды. Оқиға осыдан 3 күн бұрын болған. Техникалық жөндеу орталығында жұмыс істейтін азаматты үш ер адам «сөйлесуге» шақырған. Бейнекадрлардан олардың бастапқыда тілдесіп тұрғаны байқалады. Алайда көп ұзамай олардың бірі аяқасты соққы жасап, ер адамды есінен тандырған. Артынша, қалған екеуі де қосылып, оны жабылып ұрған.
«Әкемді аяусыз соққыға жыққандардың бірі – оның әріптесі, 2004 жылғы жігіт. Бір күн бұрын сол жігіт техникалық байқау орталығында істейтін егде жастағы қызметкерге қысым көрсеткен. Әкем әлгі кісіні арашалап қалған. Келесі күні ол екі адамды ертіп келіп, әкемді әдейі шақырып, соққыға жыққан. Мұны ұйымдасқан шабуыл деп есептеймін. Кейін әкемді құдды бір қоқыс сүйрегендей камера түспейтін жерге апармақ болған. Талып жатқан адамды тағы да ұрғаны бейнежазбадан анық көрінеді», – деді жәбірленушінің ұлы Тимур Аметов.
Ұлының айтуынша, соққыға жығылған әкесі шамамен бір сағат бойы ес-түссіз жатқан. Кейін жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Туыстары оның бас сүйегі бірнеше жерден сынғанын, миына қан құйылғанын айтып отыр. Қазір ер кісінің жағдайы ауыр.
«Аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық Полиция басқармасы денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қатыгездікпен соққыға жығылған ер кісінің жақындары науқастың жағдайы күн сайын нашарлап жатқанын айтып, уайымға салынып отыр. Олар істі бірнеше бап бойынша саралауды сұрап, барлық кінәлі азаматқа әділ жаза тағайындауды талап етеді. Әзірге қылмыстық факт бойынша бір күдікті ұсталып, қамалған.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Соққыға жығылған атыраулық блогердің ісіне қатысты нүкте қойылды