Еңбек адамы: аула сыпырушы жұмысының денсаулыққа пайдасын айтты

Биыл Дина Мұнарбаеваның салаға келгеніне 8 жыл толды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қақаған аязда, ызғарлы боранда, жаңбырлы кезеңде тіпті, аптап ыстықта да жұмысын тоқтатпайтын мамандық иелері көптің көңілінен шығып жүргені рас. Қаланың тазалығын қамтамасыз ету үшін Алматыда күніне 600-ден аса адам жұмысқа шығады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Дина Мұнарбаеваның салаға келгеніне 8 жыл толды. Бүгінде ол 50-ді алқымдаса да, шау тартпаған. Ширақ қозғалып, қала көшелерінің тазалығын сақтауға септігін тигізіп жүр. 

"Бұл жұмыс денсаулығыма пайдалы. Бір жағы таза ауа. Маған көп жүру керек. Бұл да тынбай жұмыс жасайсын. Бізде 4 мезгілде де ауырлығымен қоса жұмыстың барлығын істейміз", – деді аула сыпырушы Дина Мұнарбаева.   

Жұмыс уақыты таңғы 8:00-ден басталып, 17:00-ге дейін жалғасады. Ал Динамен бірлесе тағы 13 адам қызмет атқарады. Олар Медеу ауданының тазалығына жауапты. Қызығы, аула сыпырушының жұмысы көше жинастырумен ғана шектелмейді. Қызметкерлерге жастарды тәртіпке шақырып, жинақылыққа тәрбиелеу міндеттелген.  

"Тауға қарай келе жатқан кісілерде бөтелке көп. Су құйып алады. Лақытып кететін жағдай жиі кездеседі. Аялдамада тұрған кездері адамдарға түсіндіруге тырысамыз. Арнайы қоқыс жәшіктерге салуын өтінеміз. Кейде еңбегімізді бағалап, жинасып, көмектесетін кісілер де табылады", – деді аула сыпырушы Дина Мұнарбаева.

Дина Мұнарбаева Алматыға жыл сайын туристердің ағылатынын айтып, жол тазалағы ылғи бірінші орында тұратынын жеткізді. «Кез-келген іске жауапкершілікпен қарау – әркімнің өмірлік ұстаным» деп атап өтті.

"Ол өте еңбекқор, бауырмал, адамдармен тіл табысқыш. Алыстан келсе де, жұмыстың қиындығына шыдап, Алматының таза тұруы үшін, таза қалада адамдардың өмір сүруі үшін тынбай жұмыс істеп келеді", – деді Д. Мұнарбаеваның әріптесі Сейсемхан Кенеғанқызы

"Қандай да бір жұмыс берсек, тиянақты істейді. Ол кісіні танығаныма 3 жылдан асты. Өте еңбекқор кісі. Отбасына да үлгілі, біз де үдгі тұтамыз", – деді учаске меңгерушісі Жомарт Ысқақ

Дина Мұнарбаева – 4 баланың анасы. Ол жұмысқа үйден ерте кетіп, кеш келсе де отбасының бұл жағдайға түсіністікпен қарайтынына дән риза. Тазалық сақшысы әр адам жұмысын сүйіп істесе ғана жемісін көретінін айтты. Оған әбден көзі жеткен. Себебі өзі де осы қағидамен өмір сүріп келеді.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Үкіметте жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары қаралды

Новости партнеров