Еңбек инспекциясы бақылауды күшейтті: 17,5 мың қызметкердің құқығы қорғалды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Қазақстанда қызметкерлердің құқықтарын қорғау шаралары күшейтілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеті еңбек құқықтарын қорғау болып қала береді. Елімізде еңбек заңнамасын бұзудың алдын алу, еңбек даулары тәуекелдерін азайту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік-еңбек саласына цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv

ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметовтің айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында азаматтардың 16 726 өтініші қаралып, 1 723 жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау аясында 92 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 2 065 жағдайы анықталып, 1 110 ұйғарым берілді, жалпы сомасы 136 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. 

Спикердің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда жалақы бойынша ағымдағы және мерзімі өткен берешекті 36%-ға — 876 млн-нан 554 млн теңгеге дейін төмендету мүмкін болды. Мемлекеттік бақылау шеңберінде қабылданған шаралардың нәтижесінде 17,5 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалды.

«Комитет мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясын күшейтті. Мысалы, өткен жылы осы кезеңде 11 мың азаматтың еңбек құқығы қорғалса, қазір — 17 мың. Қаралған өтініштер саны 70%-ға өсті, профилактикалық бақылау тексерістерінің саны үш есе артты, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтар саны да көбейді», — деп толықтырды Комитет төрағасы.

Комитет бақылау қызметімен қатар еңбек дауларының профилактикасына және цифрлық мониторингке үлкен көңіл бөлуде. Қазір еңбек тәуекелдерінің картасы 98 мың кәсіпорынды қамтиды.

Мейрамбек Ахметовтің айтуынша, әлеуметтік шиеленіс қаупі жоғары кәсіпорындар саны да біртіндеп азайып келеді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ереуілдер саны екі есе — 6-дан 3 жағдайға дейін азайды.

«Біз еңбек дауларының алдын алуға ерекше көңіл бөлеміз. Еңбек заңнамасын түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз, ай сайын еңбек ұжымдарымен, жұмыс берушілермен және кәсіподақтармен кездесеміз. Еңбек заңнамасының нормаларын, азаматтар мен қызметкерлердің құқықтарын түсіндіру үшін барлық түрлі алаңдарды пайдаланамыз», — деп атап өтті ол.

Оқи отырыңыз: Президентке AI Research University тұжырымдамасы таныстырылды

Новости партнеров