Аталған тұлғалар ұсталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ («ЕРДО») және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты тергеуді аяқтады. Оларға лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша күдік тағылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство мәліметінше, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» – жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы. Бұл мәліметтер қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау кезінде кредиттік бюролар мен қаржы ұйымдары үшін аса маңызды және оның баламалы заңды көзі жоқ.
Аталған деректердің негізгі пайдаланушылары «Мемлекеттік кредиттік бюро» (МКБ) мен «Бірінші кредиттік бюро» (БКБ). 2020 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы президенті Д.Р. Арғандықов Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Р.Ж. Омаровпен заңсыз келісім жасасып, соның нәтижесінде Бірінші кредиттік бюроға қосымша 5% табыс алуға мүмкіндік берген.
Егер Мемлекеттік кредиттік бюро көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінен 30% табыс алса, Бірінші кредиттік бюро бұрынғы 30%-дың орнына 35%-ға дейін табыс ала бастаған.
Осылайша, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген. 2025 жылдың басында Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті болып А. Сарбасов тағайындалғаннан кейін де Бірінші кредиттік бюроның пайдасына көзделген бұл тең емес шарттар сақталған.
Тергеу барысында Бірінші кредиттік бюроға өзге қатысушыларға қарағанда артықшылық беретін схема әшкереленді.
Атап айтқанда, Арғандықов пен Омаровтың келісуімен Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы ақпарат алмасу арналарына сұраныстарды жедел өңдеуге мүмкіндік беретін арнайы сервис орнатылған.
"Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Мемлекеттік кредиттік бюро арасындағы жүйеге керісінше, сұраныстарды өңдеуді баяулататын зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілген. Осының салдарынан мемлекетке, нақтырақ айтқанда Еңбек ресурстарын дамыту орталығына 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген", - делінген ҚМА хабарламасында.
2025 жылғы маусымда Арғандықов пен Омаровтың Сарбасовқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде кезекті сыйақы бергені анықталды. Бұл қаражат Бірінші кредиттік бюроның заңсыз табыс табу схемасын сақтап қалу үшін берілген.
Аталған тұлғалар ұсталды. Сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден астам сомаға бағаланатын жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, сондай-ақ бағалы қағаздарына тыйым салынды. Іс материалдары танысу үшін жолданды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Оқи отырыңыз: Наурызнама онкүндігі: бүгін – Ынтымақ күні