Енді ата-анадан шағым түссе, балабақшада бірден тексеріс жүргізілмек

11.12.2025 20:35

2027 жылдан бастап балабақшалар міндетті түрде лицензия алады 

2027 жылдан бастап елдегі балабақшалар лицензия алуға міндеттеледі. Тиісті заң 2024 жылы күшіне енген еді. Оқу-ағарту министрлігі ұйымдарға талаптарға сай болуы үшін дайындыққа екі жыл уақыт берген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ ведомство педагогтерге қойылатын талапты күшейтпек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Балабақшада таяқ жеп, миы шайқалып, үсті-басы көгеріп, ауруханаға түскен бүлдіршіндер жайлы қоғамда жиі айтылады. Енді Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейін ұйымдарға талапты күшейтпек. 2026 жылдан бастап ата-аналардан аталған мекемелерге қатысты қандай да бір шағым түссе, ескертусіз тексеріс жүргізіледі.

Ведомствоның дерегінше, биыл жыл басынан бері бөбекжайларға қатысты 20-ға тарта арыз жазылыпты. Бұл жаңашылдық балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын бақылау үшін жасалады екен.

«Егер ата-аналардан немесе басқа адам жаңағы адамдардан егер өтініш немесе арыз түсетін болса, жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, барлық балабақшаға кенеттен тексеріс жүргізіледі», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова.

Тағы бір жаңашылдық 2027 жылдан бастап балабақшалар міндетті түрде лицензия алуы керек. Бұл талап мемлекеттік балабақшаға да, жекеменшікке де ортақ. Яғни, әрбір мекеменің ғимараты нормаға сай, тәрбиешілері білікті, білім беру бағдарламалары сапалы, материалдық-техникалық базасы толық, инфрақұрылымы дұрыс ұйымдастырылуы шарт. Егер ұйым талапқа сай болмаса, жұмыс істей алмайды.

«Қазіргі таңда бұл ереже бекітілді. Бұл заң 2024 жылы күшіне енді. 2025-2026 жылдары балабақшаларға аталған талаптарға сай болу үшін дайындық жұмыстарын жүргізуге уақыт бердік. Қазір жергілікті атқарушы органдар, жеке балабақшалар қауымдастықтары және министрліктің тиісті департаменті бірлесіп, барлық талапты сәйкестендіру және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері тағы бір жаңалықтың шетін шығарды. Кейінгі кезде балабақшада тәрбишілердің бүлдіршіндері ұрып-соғуы белең ала бастағандықтан, педогогтерге қосымша талаптар қою туралы бастама көтеріліпті. Ведомство бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған. Қазір арнайы жұмыс тобы талқылау үстінде екен. Егер ұсыныс әрі қарай қолдау тапса, тәрбиешілерге қойылатын талап күшейді.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Леңгірде сасық иіске тұншыққан тұрғындар зауыт құрылысын тоқтатуды талап етті