Елімізде жемқорлықпен сотталғандардың тізімі жариялануы мүмкін
Енді "Пара бер де, бара бер" дейтін кеселдің жолы кесіледі. Елімізде жемқорлықпен сотталғандардың тізімі жариялануы мүмкін. Парақорлардың аты-жөндері сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің сайтында көрініп тұрады. Бүгін мәжілісмендер тиісті заңға енгізілетін өзгерістерді талқылады. Құжатта пара беруге уәде еткендер мен оны алуға уағдаласқандарға қатысты қылмыстық іс қозғау көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді пара беру жайлы сөз қозғағандар да, оны ұсынғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрын мұндай азаматтар тек айыппұлмен құтылатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осылайша жазаны қатаңдатып, жемқорлықтың алдын алмақшы екен. Ведомство төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов заңды күшейту мәселесінің күн тәртібінде тұрғанына 16 жыл болғанын айтады. Бұл норма, ең алдымен, профилактикалық сипаттағы шаралар.
"Қазақстан ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында параны уәде етуді, ұсынуды, бопсалауды қылмыс санатына жатқызу қажет екені қарастырылған. Бұл норма посткеңестік аймақтағы көптеген мемлекеттердің заңнамасында да көзделген. Осы сияқты баптың болу фактісі тіпті пара туралы әңгіменің өзі қолайсыз болатындай тәртіпке келтіреді және тиісті мәдениетті қалыптастырады", - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қай жерлерде жемқорлық фактілері көп жасалатынына қатысты арнайы зерттеу жүргізген екен. Нәтижесінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, ауруханаларда, жоғарғы оқу орындарында және банктерде пара алу көп тіркелетіні анықталыпты. Осыған байланысты, заң жобасында қорқытып пара алу белгілері болған кезде сыйақыны заңсыз алу фактілерін анықтау мақсатында «жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға арнайы жедел іс-шаралар өткізуге мүмкіндік беретін түзетулер енгізу көзделген. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс сыйақыны заңсыз бергені үшін жауапкершілікті көздейтін жаңа баппен толықтырылып отыр. Ал депутат Айдос Сарым мұндай шаралар жемқорлыққа бармау мәдениетін қалыптастырады дегенге сенеді.
"Агенттікке біраз уақыт беріп отырмыз. Соның аясында агенттік, Әділет министрлігі, Бас прокуратура халықтың ішінде дұрыс жұмыс жүргізуі керек. Біз жалпы мәдениетімізде пара ұсыну, пара сұрау дегенді атымен жоюға тырысуымыз керек. Бұл ауырлығы жөнінде орта қылмыс болып есептеледі. Жеңіл, орта, ауыр болады. Яғни, оның жауапкершілігі зор деген сөз", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Айтпақшы, енді жемқорлық жасап сотталған азаматтардың тізімі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайтында жарияланады. Ол жерде әлгі парақордың аты-жөні көрсетіліп тұрады. Сотталған адам ақталып немесе жазасын толық өтеп шыққаннан кейін «қара» тізімнен деректері жойылады. Еске салайын, бүгін мәжіліс депутаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен ілеспе құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қою түтінген оранған Қарағанды облысының тұрғындары мен экологтар дабыл қақты