Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі Энергетика министрлігі арқылы көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуде. Энергетика министрлігі дөңгелек үстел отырысында сарапшылық қауымдастыққа 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың жобасын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр. Ұлттық жоспар елдегі энергия тапшылығын шешуге және ескірген стансаларды жаңартуға бағытталған.
«Ұлттық жоба саладағы барлық бағыттарды кешенді әрі жан-жақты дамытуға бағытталған. Бұл инвестиция тартудан бастап, отын-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейінгі теңдестірілген тәсіл. Мұндай жүйелі әдіс экономиканың мультипликативтік әсерін қамтамасыз етіп, елдің тұрақты дамуына үлес қосады», — деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов.
Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тендер арқылы таңдау механизмдері қолданылады. Ал қолданыстағы стансаларды жаңарту үшін министрлікпен инвестициялық келісімдер жасалады. Бұл шаралар жобаны іске асыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, ұзақмерзімді келісімдер шеңберінде болжанатын тарифтерді сақтай отырып, инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді.
«Жобада басты назар «таза көмір» негізіндегі нысандарға, заманауи технологияларды қолдануға аударылған. Біздің мақсат — моральдық және физикалық ескірген қуаттарды жоғары тиімділік коэффициентіне ие заманауи энергетикалық блоктармен кезең-кезеңімен алмастыру. Бұл экологиялық талаптар мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді», — деді ведомство басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әлеуметтік көмек кімдерге және қалай беріледі