Энергетикадан туризмге дейін: Үкімет басшысының орынбасары Алматыдағы құрылыс қарқынын тексерді

18.05.2026 19:39

Алматының Алатау ауданындағы ЖЭО-2 газға көшіру ісі биыл жыл соңына дейін аяқталады

Алматының Алатау ауданындағы ЖЭО-2 газға көшіру ісі биыл жыл соңына дейін аяқталады. Жұмыс сапарымен Алматыға ат басын бұрған Премьер Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жауаптылар осылай деп баяндады. Жобаны жүзеге асыру барысында үш газ турбинасы мен генератор орнатылып, жабдықтардың 99 пайызы жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарын Алматыдан бастады. Алматы-1 теміржол вокзалына ат басын бұрған Нұрлыбек Нәлібаев нысандағы реконструкция барысын тексерді. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды ғимараттағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді деп, мердігер компанияға жобалық-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу ісін жеделдетуді, жабдықтарды дер кезінде жеткізуді, ал қала әкімдігіне барлық жұмысты қатаң бақылауды тапсырды.

«Жазда тәулігіне 12 мың, қыста 6800 адам келеді. Далада жүр. Бір сағат ерте келген адам далада тұра ма? Масқара, ұят қой. Шыны керек,  еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзал реконструкциядан өткен жоқ. Жаңадан вокзалдар салынған жоқ. Ал Мемлекет басшысы қаражат беріп жаста, дұрыс ұйымдастыра алмай жатырмыз», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев әуежайдағы реконструкция барысын тексерді. Вице-премьерге жауаптылар терминалдарды жаңғырту, ұшу-қону жолақтарын жөндеу, жүк перроны, қонақ үй мен көп деңгейлі паркинг салу сынды жобалар туралы баяндады. Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Үлкен Алматы айналма автожолына қатысты мәселелерге де назар аударды. Жауаптылар Нәлібаевқа трассаға 6 жерден радиалды жолдарды әкеліп қосу ісінің барысы туралы баяндады. Вице-Премьер шаһардағы жол-көлік жүйесін дамытуға қатысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы барын ескеріп, Алматының үлкен айналма күре жолындағы құрылысты жеделдетуді тапсырды.

Нұрлыбек Нәлібаев назарға алған тағы бір мәселе – жылу электр орталықтарын жаңғырту. Оның басты мақсаты – энергетика кешенін табиғи газға көшіру арқылы қаланы жылумен және энергиямен тұрақты қамтамасыз етіп, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту. Бүгінде ЖЭО-2 құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы дайындық деңгейі шамамен 55% екен. Сонымен қатар вице-премьер Алматы облысы Іле ауданының аумағында орналасқан үшінші жылу электр орталығын да аралап көрді. Бұл шаруа бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Ал жалпы жұмысты 2027 жылы аяқтауды жоспарланған.

«Негізгі құрылғылар Италиядан, қазандықтар Қытайдан келеді.Ешқандай мәселе болмайды», – деді  «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов

Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев Алматыдағы автомобиль кластерін құру жұмысымен танысты. Бүгінде кәсіпорында үш жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу цехы мен үш құрастыру желісі іске қосылған. Ал бояу цехы 90%-ға автоматтандырылған. 30,9 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 120 мыңға дейін автокөлік шығаруға жетеді. Вице-Премьердің айтуынша, Үкімет алдағы уақытта да осындай игі бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған Алматы тау кластерін дамыту жобасына назар аударды. Жауаптылардың айтуынша, қолға алынған шаруа аясында аспалы жолдар саны 16-дан 62-ге дейін жетеді, ал трассалар ұзындығы 41 шақырымнан 252 шақырымға дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Одан бөлек, курорттар күніне 40 мыңға жуық адамды қабылдауға қауқарлы болады. Нәтижесінде шетелдік туристер саны жылына 1 млн адамға артып, қала экономикасына жыл сайын 300 млрд теңгеден астам табыс түседі деп болжанған. Нұрлыбек Нәлібаев жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жобаны жүзеге асыру қарқынын бәсеңдетпей, жоспарланған іс-шараларды уақытылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Гүлмарал Изатқызы, Олжас Омарбек, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматы тұрғындары құрамында сынабы бар 480-ден астам шам мен құрылғыларды қайта өңдеуге тапсырды