«Еңлікгүл – 2026»: театр өнерінің үздіктері марапатталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Еңлікгүл – 2026» театр өнерінің кәсіби сыйлығы табысталды. Биыл дәстүрлі байқауға еліміздің 35 театрынан 70-тен астам үміткер ұсынылған. Мәртебелі марапат осымен он бірінші рет өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биылғы салтанатты шарада жылдың үздік актері мен актрисасы, үздік режиссері, үздік театр суретшісі және басқа да оннан астам номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, Мәдина Омарова «Жыл драматургы», Аида Жантілеуова «Жыл актрисасы» атанса, «Жыл режиссері» сыйлығы Дина Жұмабайға бұйырды.

Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, көрермендердің театрға деген қызығушылығы артып, сахна өнері де жаңа туындылармен толығып келеді.

«Көрермендердің театрға деген ықыласы өте күшті, театрлар да оған жақсы жауап беріп жатыр. Яғни, жақсы спектакльдер, жақсы рөлдер, ерекше режиссерлік шешімдер дүниеге келіп жатыр. Міне, осының бәрі ұлттың мақтанышы емес пе?! Сондықтан бүгін – нағыз мереке. Томас Манн: «Мемлекетте театрдың болуы – ұлттың өркениетке жеткендігінің алғашқы белгісі», – деп айтқан екен», – деді Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

«Еңлікгүл» сыйлығы – еліміздің театр саласындағы беделді марапаттарының бірі. Ол ұлттық театр өнерін дамытуға, қоғамның мәдени-рухани өмірін байытуға елеулі үлес қосқан әртістердің, режиссерлер мен сахна мамандарының кәсіби шеберлігін дәріптеу мақсатында тағайындалған.

«Жыл драматургы» номинациясының иегері Мәдина Омарова бұл марапатты көп жылғы еңбегінің бағалануы деп қабылдайтынын айтты.

«Жыл драматургы» номинациясы бойынша марапатталдым. Бұл мен үшін еңбегімнің бағаланғаны деп есептеймін. Себебі, бұл – жылына бір рет берілетін, театр маусымы бойы үздік деп танылған шығармалардың авторларына, туындылардың сахналануына үлес қосқан техникалық қызметкерлерге, актерлер мен шығармашылық ұжымға табысталатын үлкен марапат. Бұл – еңбектің бағалануы», – деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының бөлім меңгерушісі Мәдина Омарова.