Ер есімі - ел есінде: Алматыда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбазды еске алды

07.04.2026 21:29

1995 жылдың 7 сәуірінде Пяндж өзенінің бойында Ішкі әскердің ротасына Ауғанстан тарапынан моджахедтер шабуыл жасап, 17 азамат көз жұмған

Ер есімі - ел есінде. Алматыда тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік борышын өтеп жүріп қаза тапқан 17 сарбазға арнап орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоғы қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

1995 жылдың 7 сәуірінде Пшихавр шатқалындағы Пяндж өзенінің бойында Ішкі әскердің ротасына Ауғанстан тарапынан моджахедтер шабуыл жасап, 17 азамат көз жұмған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ерлікпен жан тапсырған сарбаздың бесеуі - ІІ-дәрежелі «Айбын» орденімен, он екісі – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Осыған орай Ұлттық ұлан жылдағы дәстүрден жаңылмай, ел батырларын еске алу рәсімін өткізді.

«Бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Әсіресе жас ұрпақтарымызды тәрбиелеуде еліміздің тәуелсіздігін қорғауда ерекше орын алған батырларымызды еске алуға міндеттіміз. Бүгін ардагерлерді, колледж, мектеп оқушыларын жинадық. Тағзым етіп, батырларымызды еске алып, гүл шоғын қойдық. Осындай іс-шара жастарымыздың патриоттық сезімін оятады деп сенемін», - деді 5571 әскери бөлімінің штаб басшысы Нұрлан Аздеров.

Іс-шарада Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшы құрамы, 30-ға жуық Ұлттық ұлан ардагерлері, тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар мен 100-ге тарта колледж студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары бой көрсетті. Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің құрамындағы бітімгершілік қызметіндегі еңбегі үшін, сонымен қатар әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысына белсенді атсалысқаны үшін Ұлттық Ұланның жеке құрамын грамотамен марапаттады.

«Бұл 17 сарбаздың ерлігі әрқашан да біздің есімізде. Бұл тек әскери бөлімде емес, бүкіл Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланның әскери бөлімінде болып жатыр. Өйткені бүгін - 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында ерлікпеыңн қаза болған 17 сарбазды еске алу күні боп есептеледі және ерлік күні боп есептеледі», - деді запастағы полковник Ерлан Алданазаров.

Оқи отырыңыз: Алматыда жасыл қорды төрт кезеңмен биологиялық дәрілеу басталады