Еріп кетеді: алматылық оқушы қоршаған ортаға зияны жоқ биопакет ойлап тапты

20.01.2026 20:13

Жасөспірім бұл идеяны жасанды интеллектімен ақылдаса отырып жетілдірген

Алматыда 10-сынып оқушысы қоршаған ортаға зияны жоқ биопакет ойлап тапты. Жас өнертапқыштың айтуынша, жоба небәрі бір айдың ішінде жүзеге асқан. Ең қызығы, жасөспірім бұл идеяны жасанды интеллектімен ақылдаса отырып жетілдірген, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.

Меруерт Кенжебай – 10-сынып оқушысы. Осыдан бір ай бұрын ол қоршаған ортаны қорғауға үлесін қосуды мақсат етіп, биопакет жасау идеясын қолға алған. Ерекшелігі – бұл бастаманы Меруерт жасанды жадының көмегімен дамытқан. Ақылды технологияның арқасында түрлі деректерді саралап, өнімнің қауіпсіз құрамын анықтапты. Кейін жобаны ұстазымен бірлесіп, тәжірибе жүзінде іске асырған. Нәтижесінде табиғатқа зияны жоқ био пакет әзірленіп шығарған.

Жас өнертапқыш ойлап тапқа био пакеттің қарапайым дүкендердегі қалташалардан еш айырмашылығы жоқ. Ерекшелігі белгілі бір температурадағы суға салсаңыз бірнеше минут ішінде толық еріп кетеді. Ешқандай қалдық қалмайды.

«PBL» химияға маған жаңа зат ойлап табу керек болды. Менде көптеген нұсқа болды. Алайда мен экологияға байланысты таңдадым. Себебі бұл тақырып өзекті. Қаланың әр жерінен пакеттерді көрдім. Сол себепті пайдалы пакет ойлап табайын деп шештім», – деді оқушы Меруерт Кенжебай.

Биопакеттің құрамы толықтай табиғи әрі қауіпсіз заттардан тұрады екен. Негізгі компоненттері – крахмал, су, глицерин мен өсімдік тектес байланыстырғыш қоспалар. Барлық ингредиент белгілі бір мөлшерде араластырылып, баяу отта қыздырылады. Дайын қоспа арнайы қалыпқа құйылады.

«Біздің мектепте жалпы «PBL» жобасы қарастырылған. Жоба арқылы жас өнертапқыштардың қазіргі таңдағы актуалды проблемаларды шешуге өзіндік ұсынысын талқылаймыз, көрсетеміз. Олардың жолын ашуға жұмыс жасаймыз. Соның ішінде Кенжебай Меруерт – сүйікті оқушыларымның бірі. Біз ол сыныппен химия-биология бағытында көп жұмыс жасаймыз. Сондықтан біз оларға осындай тапсырма бердік», – деді жоба жетекшісі Серікболсын Наурызбайұлы.

Жас өнертапқыштың айтуынша, биопакет 45–50 минутта толық еріп кетеді. Ал ғалымдар полиэтилен қалдықтарының табиғатта 500 жылға дейін ыдырайтынын айтады. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қоқыс шығарылады.

Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматыда танымал оңтүстіккореялық телешоу түсірілді