Қайрат – Брюгге: жанкүйерлер елорда төріне еліміздің әр аймағынан жиналып жатыр

20.01.2026 19:27

«Қайрат»–«Брюгге» арасындағы матчқа Донатас Румшас бастаған румыниялық төрешілер бригадасы қызмет көрсетеді

Санаулы сағаттардан кейін чемпиондар лигасының 7 туры аясында өтетін «Қайрат» - «Брюгге» кездесуі басталады.  Бұл матч қос команда үшін де маңызды. Алматылықтар өз алаңымызда өтетін соңғы матчта жақсы ойын көрсету үшін бар күшін салса, бельгиялықтар турнирлік кестедегі жағдайын жақсартуға тырысады.

Almaty.tv тілшісі Астана аренадан тікелей байланысқа шықты.

Дүйім жұртты қуантып, чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған Қайраттың кәрі құрлықтың басты додасында енді небәрі екі ғана кездесуі қалды. Бүгін өз алаңымызда Брюггені қабылдаймыз, ал соңғы матчты Лондонда Арсеналға қарсы өткізетін боламыз. Иә, ауа райының қолайсыздығына байланысты «Қайрат» үйдегі матчтарын Астанада өткізуге мәжбүр. Дегенмен алыстан ат терлетіп келген сары-қаралардың шынайы жанкүйерлері елорда төрінде жиналып жатыр.

«Осы матч үшін Алматыдан арнайы келдік. Елде ойнайтын, үйде ойнайтын осы чемпионаттағы соңғы ойын болғандықтан қолдайық, атмосфераны сезініп қалайық деп келдік. Күшті ойын болады деп ойлаймыз», – деді Алматы қаласының тұрғыны Айшолпан Керім.

«Бүгінгі матчқа жанкүйерміз. «Қайрат» біздің жүрегімізде ғой. Ұтады деп үміттенеміз. Алла жазса, ұтатын шығар. 3:1 болады», – деді қала тұрғыны Диас Қайыркен.

 «Бүгін пойызбен келдік. Қайрат ұтады. 2:0, балам да, мен де солай ойлаймыз», – деді Павлодар қаласының тұрғыны Даниял Әйтенов.

Футбол сарапшылары стадиондағы көрермен санының аз болуын билет бағасымен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда матч билеттері 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін сатылуда. Дегенмен мамандардың пікірінше, жанкүйерлердің аздығы алаңдағы ойыншылардың өнеріне әсер етпеуі тиіс. Себебі нәтиже ең алдымен футболшылардың дайындығы мен ойын барысындағы әрекетіне байланысты.

«Әсер етеді әрине. Бірақ енді Алматының орталық стадионындай болмайды. Себебі ол жақта қандай ойын болса да, толтыруға тырысады. Жанкүйерлер немесе «Пафоспен» кездесуде «Қайрат» көптеген академиясының балаларын әкелген. Бұл да клуб тарапынан жақсы тірлік болған. Жанкүйердің көптігі сезіледі, бірақ алаңда ойыншылардың өздері шешеді», – деді сарапшы Әлімжан Тасболатұлы.

«Қайрат»–«Брюгге» арасындағы матчқа Донатас Румшас бастаған румыниялық төрешілер бригадасы қызмет көрсетеді. Аталған төреші бұған дейін 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өткен Қазақстан – Украина кездесуінде, сондай-ақ 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Уэльс және Қазақстан – Бельгия матчтарында қазылық еткен.

Айта кетейік, кездесу сағат 20:30-да басталады. Алматылық жанкүйерлер «Қайраттың» өз алаңындағы соңғы ойында жеңіске жететініне үміт артып отыр. Сондықтан командаға сәттілік тілейміз!