Мемлекеттік кеңесші қазақтың прайм-эрасы басталғанына кәміл сенетінін айтты
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалардың нәтижесіне тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бүгінде ел өңірлерінде ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, жаңа автожолдар мен теміржолдар, әуежайлар, вокзалдар, көпірлер және басқа да маңызды нысандар пайдалануға берілуде.
«Халық олардың жемісін көре бастады. Бұл жобалардың игілігі, ең алдымен, қарапайым жұртшылыққа арналған. Президенттің де ұстанымы – осы. Яғни, ең алдымен ел мүддесі мен халық үшін жағдай жасау», – деп жазды Ерлан Қарин.
Сонымен қатар ол елдегі оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жобалар жүзеге асырылып, қоғамдағы жаңғыру үдерісі күшейе түседі.
Ерлан Қарин Президент саясатының бірден-бір зор жетістігктерінің бірі ретінде қоғамдық санадағы өзгерістерді атады.
Ол «Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттары бүгінде жалпыұлттық құндылыққа айналып келе жатқанын айтты.
«Ендігі мақсат – бұл құндылықтарды қоғамдық санада тереңдету, оны әрбір адамның дағдысы мен әдетіне айналдыру. Бүгінде жастар айтып жүргендей, қазақтың прайм-эрасы басталғанына өз басым кәміл сенемін», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Оқи отырыңыз: Шежіреден – болашаққа: Президент телерадиокешенінің кинолекторийі басталады