Көрмеде соғыс жылдарындағы Қазақстанның маңызды кезеңдерін қамтитын 170-ке жуық экспозиция қойылған
Елордада Отан соғысының батырларын ұлықтауға арналған қос бірдей көрме өтіп жатыр. Бірі майдан даласындағы жауынгерлердің өмірін суреттесе, екіншісі тылдағы еңбеккерлердің өлшеусіз еңбегіне арналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астанада Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік дастаны» атты тарихи-деректі көрме ашылды. Онда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстанның маңызды кезеңдерін қамтитын 170-ке жуық экспозиция қойылған. Сондай-ақ елімізде құрылған әскери дивизиялар туралы деректерді де табуға болады.
Көрме екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде соғыс жылдарындағы қазақстандық дивизиялардың тарихы мен майдандарда ерлік көрсеткен әскери бөлімдер туралы айтылған. Ал екінші бөлім «Ақмола қаласының Жеңіске қосқан үлесі» деп аталып, тылда аянбай еңбек еткен астаналықтардың батырлығы баяндалады.
«Жәдігерлер, кітап топтамасы, архивтік құжаттар оның арасында Астана қаласы Мемлекеттік архивінің негізінде және Астана қаласы №17 мектеп гимназиясы көптеген құнды жәдігерлер ұсынды. Сонымен қатар М.Ғабдуллин, Ә. Молдағұлова жайында көп мәліметтерді мемориалдық музейлер бөліскен болатын. Мақсат – өскелең ұрпаққа ата-бабаның ерлігін, сұрапыл соғыстың қиындығын баяндау», – деді ҚР Президенттік орталығы экспозициялар мен көремелерді ұйымдастыру қызметінің сарапшысы Жібек Жүсенова.
Сондай-ақ соғыс ардагерлерінің ерлігін паш ететін тағы бір көрме «Нұрлы жол» вокзалында ұйымдастырылды. Іс-шарада бұрын-соңды жарыққа шықпаған фототілшілердің соғыс жылдары түсірген 80 бірегей суреті көрсетілді. Олардың қатарында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдинов, атақты мерген Әлия Молдағұлова, ержүрек пулеметші Мәншүк Мәметова сынды тұлғалар бар.
«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде батырлығымен танылған ұлы бабалар ерлігі, тылдағы жұмысы туралы керемет суреттер бар. Қазақстанның теміржол саласының дамуы жолына қатысты архив суреттерін шығардық», – деді «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары Нағашыбек Алдан.
Көрме алдағы уақытта да елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болады. Ал басқа өңір тұрғындары оны бейненұсқада әуежайлар мен вокзалдардан тамашалай алады.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: прокурорлар соғыс ардагері Жанболат Әшербековпен кездесті