Алматы музейінде «Дәуірдің дара тұлғасы» атты салтанатты көрме ашылды
Қазақ опера өнерінің көрнекті өкілі, аңызға айналған баритон Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Алматы музейінде «Дәуірдің дара тұлғасы» атты салтанатты көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
КСРО Халық әртісінің шығармашылық жолы кезінде Абай атындағы опера және балет театрында Жұбанов пен Хамидидің «Абай» операсынан бастау алған еді. Сахна саңлағы кейін «Біржан - Сара», «Евгений Онегин» мен «Севиль шаштаразы» сияқты әлемдік және отандық классикалық туындыларда басты партияларды жоғары шеберлікпен сомдап, ұлттық өнерді жаңа биікке көтерді
«Шын мәніндегі халық сүйіктісінің мерейтойын барша жұртшылықтың жоғары деңгейде атап өтіп жатқаны көңілге үлкен қуаныш ұялатады. Өйткені Ермек Серкебаев – тек Қазақстанға ғана емес, шетелге де аты мәшһүр бірегей тұлға. Көрмеге әкемнің тұтынған жеке заттары, тіпті кезінде өзім де пернесін басқан әйгілі роялі қойылыпты. Өте әсерлі экспозиция болған. Осындай аңыз адамның жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады», – деді Е. Серкебаевтің баласы Байғали Серкебаев.
Экспозицияға бұлбұл әншінің тұтынған жеке заттары, сахналық костюмдері, сирек фотосуреттер мен концерттік афишалары қойылған. Әрбір жәдігер опера майталманының дара болмысынан, сахнадағы қайталанбас бейнесінен сыр шертеді. Қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым жиналды.
Көрменің басты мақсаты - аңыз адамның бай мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың ұлттық классикалық өнерге деген қызығушылығын арттыру.
«Оны еске алғанда бірден «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі, «Фигаро» партиясы мен «Надо мной небо синее» әні ойға оралады. Шығарманы зерттеу барысында ол әуеннің сазына да, өлеңнің поэтикалық астарына да тұтастай берілетін. Ол өте қарапайым, бауырмал әрі әзілқой жан еді, онымен дос болғандардың бәрі осы қасиетін ерекше атап өтеді», – деді Е. Серкебаевтің інісі Мұрат Серкебаев.
Оқи отырыңыз: Әліппенің атасы: Ахмет Байтұрсынұлы Орталық Азия елдеріне лингвистика деген ғылымды қалыптастырды