Ерулік, бесікке салу, шілдехана, қыз төркіндету: Маңғыстауда ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер жаңғырды

21.03.2026 16:05

Маңғыстау облысы, Жетібай ауылы да ұлыстың ұлы мейрамын қуана қарсы алды. Халық алаңға жиналып бір-бірімен көрісіп, наурыз көжеден дәм татты. Жиылған жұрт өнерпаздардың концертін тамашалап, ұлттық ойындарға да қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетібай – өңір экономикасының тірегі саналатын мұнай өндірісі дамыған ауыл. Мұндағы өндірістік мекемелер аудан тіпті облыс тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан ауыл тіршілігі еңбекпен, өндіріс ырғағымен тығыз байланысты. Сол мұнайлы мекенде Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатпен өтті. Ауыл тұрғындары ұлттық дәстүрді жаңғыртып, бірлік пен татулықты дәріптеп келеді. Халық биылғы амалдан кейін ақтың мол болуын тілеп отыр.  

«Наурыз – табиғат жақсарып, жаңбыр қар жауып, жер бусанып, шөлі қанып, мал көкке тойған шақ. Сондықтан ақ мол болсын деп тілек айтады. Мейрам құтты болсын!» – деді Жетібай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтығали Жаңабаев.

Ақсақалдар батасымен басталған мейрам ауыл ішін бірлік пен берекеге ұйыстырып, Наурыздың мән-маңызын тереңірек ұғынуға жол ашқандай. Ерулік, бесікке салу, шілдехана, қыз төркіндету секілді ғұрыптар көрініс ретінде қойылды. Сахна төрінде қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері қайта жаңғырды.

«Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа қазақты салты-дәстүрін насихаттап, әрі қарай жаңғырту мақсатында көріністер көрсеттік. Бұл – тек қарияларға, әжелерге емес, өскелең ұрпақ та қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртатындай азамат болып өссін деген ниет», –деді Жетібай ауылының тұрғыны Базархан Тышқанбай.

«Халық ұлттық киім киіп жүр. Сахнада қазақтың салт-дәстүрлері дәріптеліп,барлық тұрғын көтеріңкі көңіл-күймен өткізуде. Наурыздан-наурызға аман-есен жете берейік! Жетібай ауылымыз көркейе берсін!» – деді Жетібай ауылының тұрғыны Бибігүл Мұхамедқызы.

Мейрам аясында ұлттық өнер мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылардың қолдарымен жасаған бұйымдары көпшілікке ұсынылды.

«Оқушылар шығармашылық орталығындн 15 үйірме бар. 2021 жылы ашылдық. Тігін, ағаш үйірмелерінен жасалған дүниелерімізді әкеліп, жұртқа паш еттік. Киімді өңіржиегіне тамсанып, әдемі екенін көріп алып жатыр», – деді Жетібай аулының тұрғыны Бибігүл Тілекова.

Мерекелік шара барысында ауыл тұрғындары асық ату, гір тасын көтеру, қазақ күресі секілді дәстүрлі ойындарға белсене қатысып, мерекенің көркін қыздырды.

Оқи отырыңыз: Астанада Наурыз мейрамы цифрлық форматта өткізіліп жатыр