Ешбір студент баспанасыз қалмасын: Алматыда ахуалдық орталық жұмысын бастады

05.08.2025 19:19

Ахуалдық орталық - жатақханаға мұқтаж талапкерге нақты көмек көрсететін бірегей алаң

«Ешбір студент баспанасыз қалмасын». Осындай ұранмен Алматыда студенттерді жатақханамен қамтитын ахуалдық орталық жұмысын бастады. Бұл игі бастамаға Ғылым және жоғары білім министрлігі мен қала әкімдігі мұрындық болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салауат Қалимат – Алматы облысы, Ұзынағаш ауылының тумасы. Жақында мектеп бітірген жас түлек болашағын журналистика мамандығымен байланыстырмақ. Қазір ол жоғары оқу орнына құжат тапсырып, алдағы басты мәселенің баспана екенін жақсы түсінеді. Қала мен ауылдың арасы алыс болғандықтан, жатақханадан үмітті. Әлеуметтік желіден ахуалдық орталықтың ашылғаны жайлы хабар алып, арнайы кеңес алу үшін бүгін орталыққа жол тартқан екен.

«Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне журналистика факультетіне түсіп жатырмын. Өзім Ұзынағашта тұрамын. Болашақта келіп-кетуім қиын болады. Себебі кептеліс бар, сабаққа кешігемін. Сол үшін маған жатақхана берілсе екен. Осыған орай әлеуметтік желіден ахуалдық орталық жайлы естідім. Келдім, көрдім, кеңес алдым. Бұл мәселесі шешіледі деп ойлаймын», – деді мектеп түлегі Салауат Қалимат.

Ахуалдық орталық – Салауат сияқты жатақханаға мұқтаж мыңдаған талапкерге нақты көмек көрсететін бірегей алаң. Мұнда студенттерге баспанаға орналасу тәртібі түсіндіріліп, бос орындар туралы ақпарат беріледі. Осы мақсатқа сай университеттен 300 шаршы метрлік кеңістік бөлінген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, студенттерге 1 қыркүйекке дейін тәулік бойы қызмет көрсетіледі.

«Алматы – еліміздегі студент ең көп шоғырланған қала. Жыл сайын мұнда жүз мыңдаған жас білім іздеп келеді. Қаладағы 35 жоғары оқу орны оларды қабылдауға дайын болғанымен, баспана мәселесі қашанда өзекті болып қала бермек. Осы мақсатта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында арнайы ахуалдық орталық құрылды. Бұл түлектердің баспанасыз қалмауын, уақытында жатын орынмен қамтылуын реттейтін орталық. Бастамамыз жатақхана мәселесінің 80-90 пайызын шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректорының м.а. Еркін Нұрсағатқызы.

Сонымен қатар орталықтың материалдық-техникалық мүмкіндіктері де заман талабына сай. Мұнда жаңа компьютерлермен жабдықталған 10 жұмыс орны қарастырылған. Ең басты ерекшелігі бір мезетте 10 қоңырауға дейін қабылдай алатын көп арналы колл-орталықтың іске қосылуы. Бұл жүйе арқылы бірден бірнеше университетпен байланыс орнатып, ақпарат алмасуға мүмкіндік бар.

«Ахуалдық орталық бойынша ашылған чат бар. Елдегі жауапты адамдардың бәрі  бар. Мәселелерді бірден сол чатқа жіберіп отыратын болады. Студенттік омбудсмендер аймақтағы мәселелерді шешіп отырады», – деді Алматы қаласының студенттік омбудсмені Айболат Нығметжанұлы.

Алматыда жаңадан ашылған ахуалдық орталық 1 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Егер сіз өзге өңірлерден келіп, жатын орын таппасаңыз, орталық сіздерді дағдарыс бөлімшелеріне жібереді. Онда мегаполис университеттерінің қолдауымен 55 арнайы бөлме қарастырылған.

Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматы әуежайын жаңғырту жұмыстары басталды