Алматы әуежайын жаңғырту жұмыстары басталды

Жобаның алғашқы кезеңінде жаңа қонақүй мен көп деңгейлі автотұрақ та салынбақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2050 жылға қарай Алматы әуежайына жылына 40 миллион адам келеді. Ал әуе кемесіне арналған тұрақ саны 150-ге жетеді. Бүгін әуежай президенті осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, барлық жұмыс әуе айлағының инфрақұрылымын дамытуға арналған Horizon инвестициялық жобасының аясында жүргізіледі. Оның орындалу мерзімі – 25 жыл.

Бүгін Алматы әуежайын жаңғыртуға арналған жобаның алғашқы кезеңі іске қосылды. Жоспарға сай, ең алдымен ішкі рейстер терминалын толықтай жаңғырту көзделіп отыр. Күту залынан бастап, ақпараттық тақтайшалар, жүк сұрыптау орындары түгелдей жаңарады. Жаңа ұшу-қону жолағын салу, әуе кемесінің тұрағын жөндеу ойластырылған.

«Бірінші кезеңнің инвестиция көлемі 362 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл қаражатқа 130 жобаны іске асырамыз. Әуе тасымалдаушылары үшін белгіленген тариф өңірлік деңгейде де, әлемдік стандарттар тұрғысынан да төмен. Сол себепті, көрсеткіш өседі. Оның барлығын үкіметпен бірлесе реттейміз», – деді Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе.

Жобаның алғашқы кезеңінде жаңа қонақүй мен көп деңгейлі автотұрақ та салынбақ. Ерекшелік сол, құрылысқа 1800 адам жұмылдырылады. Ал әуежайда 550 тұрақты жұмыс орны ашылады. Іс 2028 жылдың соңына дейін аяқталады. Жобаның таныстырылымында әуе айлағының маңында тұратын халықтың жағдайы да ескерілетіні, жыл соңына дейін 100-ге жуық үйге ұшақ шуынан қорғайтын жүйе орнатылатыны сөз болды. Сондай-ақ жаңғырту жұмысы тұрақтап қалмауы үшін сенімгерлік негізде басқаруға берілген мүлік саны 30-ға жеткені айтылды.

«10 сәуірде әуежай жағдайын жақсарту, жолаушыларға қолайсыздық тудырмау мақсатында үй-жайларды сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданды. 14 мамырда жұмыс аяқталды. Дегенмен, нысандарды босатудан бас тартқан жалға алушылар кездесті. Сотқа арыз берілді. Сот оларды толығымен қанағаттандырды», – деді Мемлекеттік активтер басқармасы басшысының орынбасары Жантөре Айтжанов

Ұмытпаған жөн, стратегиялық жоба 5 кезеңнен тұрады. 2050 жылға дейін барлық іс біртіндеп тындырылады. Ал бастама әуежайдың өз қаражаты есебінен, банктік несиелер мен жеке инвестициялар негізінде қаржыландырылады.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Семейде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ашылды

 

 

Новости партнеров