Есірткі қылмысы: елімізде 76 шетел азаматы ұсталды

06.05.2026 14:43

Құзырлы органдар халықаралық әріптестермен бірлескен жұмысты күшейтетінін жеткізді

Елімізде 4 айдың ішінде есірткі қылмысына қатысы бар 76 шетел азаматы ұсталған, деп хабарлайды  Almaty.tv.  

Олардың 23-і есірткі сатумен айналысқаны үшін, үшеуі оны аса ірі көлемде сақтағаны үшін, ал 29 адам контрабанда әрекеттеріне қатысы бар деген күдікпен қолға түскен. Сонымен қатар құқық қорғау органдары шетел азаматтарының қатысуымен есірткіні заңсыз өсіру, жарнамалау және насихаттау фактілерін де анықтады.

Бұған қоса, халықаралық ынтымақтастық аясында жүргізілген жұмыстар да өз нәтижесін беріпті. Өзге мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталып, оның Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндірісін қашықтан ұйымдастырғаны белгілі болды. Құзырлы органдар мұндай қылмыстарға қарсы күресті одан әрі жалғастырып, халықаралық әріптестермен бірлескен жұмыстарды күшейтетінін жеткізді.

«Астанада жалдамалы пәтерде Еуропа елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы құрықталды. Ол есірткі жасырумен айналысқан. Одан 1,5 кг синтетикалық және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Алматы қаласында Шығыс Еуропа елдерінің бірінің 44 жастағы азаматы ұсталып, одан 1,2 кг «A-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Ақтау қаласында көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті есірткіні жасыру әдісімен таратқан. 30 грамм «мефедрон» айналымға жіберілмеді», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Оқи отырыңыз: Пайдаланылмайтын жерлерге салынатын салық 40 есе арттырылады