Шілденің алғашқы онкүндігінде 760 келі есірткі тәркіленді
Елде шілденің алғашқы онкүндігінде есірткі қылмысына қатысы бар төрт контрабанданың жолы кесілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, есірткіні өткізудің 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың 4, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірудің 40 дерегі анықталған.
Соның нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы 760 келі есірткі, 266 келі прекурсор және 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген.
Осындай қылмыстардың бірі Астанада тіркелді. Полицейлер 26 жастағы тұрғынды ұстап, жеке тінту және жалға алған пәтерін тексеру барысында 227 орамаға салынған, жалпы салмағы 245 грамм болатын синтетикалық затты тәркіледі.
Тергеу мәліметінше, күдікті оны қала аумағында таратпақ болған.
«Шілде айының алғашқы онкүндігінде ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті аумақтық бөліністермен бірлесіп, барлығы 187 есірткі құқықбұзушылығын анықтады. Оның ішінде 86 қылмыстық теріс қылық және 101 қылмыс бар. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жастарды есірткі ортасына тарту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Оқи отырыңыз: Синоптиктер Астана мен Алматы тұрғындарына ескерту жасады