Индонезия мен Қазақстан арасында сотталғандарды айырбастау туралы келісім жоқ
Индонезияда 2 қазақстандық азамат есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сүйенсек, жергілікті құқық қорғау органдары соңғы 2 айда жүргізген арнайы операция кезінде 285 адамды ұстапты. Олардың арасында 29 әйел мен 7 шетелдік бар. Ақпарат көздеріндегі дерекке сай, Қазақстан азаматтарынан 49 грамм метамфетамин тәркіленген. Қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайдың бақылауда екенін және тиісті дипломатиялық жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Индонезия құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес, ел аумағында Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Олар есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінген. Қазір бұл азаматтарға қатысты Индонезияның құзыретті органдары алдын ала тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстанның Джакартадағы Елшілігі тергеу органдарымен және айыпталушылардың туыстарымен байланыста. Бұл мәселе қазақстандық дипломаттардың бақылауында», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Бүгінгі таңда Индонезия мен Қазақстан арасында сотталғандарды айырбастау туралы келісім жоқ. Себебі ондай қажеттілік туындамаған. Десе де біздің ел 2014 жылдан бері аталған құжаттарды бекіту туралы ұсынысты индонезиялық тараптың қарауына жолдаған.
«Индонезиялық тарап қандай да бір шешімге келгенде ресми түрде хабарланады. Өз тарапымыздан үнсіз отырған жоқпыз. Елшілік те, консулдар да жұмыс істеп жатыр. Жалпы, үшінші елдің азаматтары ұсталған жағдайда, сол мемлекеттің билігі олардың елшіліктерін хабардар етеді. Қазір біздің консул азаматтармен байланыста. Бұған дейін Индонезиямен Қазақстан арасында сотталғандарды айырбастау туралы келісім болмаған», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.
Оқи отырыңыз: Некеге тұруға мәжбүрлегендер қылмыстық жауапқа тартылады