Оларға кураторлары заңсыз әрекеттерді орындауды жүктеп, ақшалай сыйақы уәде еткен
Ақмола облысына қарасты Бурабай аудандық соты заңсыз психотроптық заттарды өткізу мақсатында сақтау және тасымалдау фактілері бойынша екі қылмыстық істі қарап, 18 жастағы екі азаматты кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қазан және қараша айларында жастар әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатқан кураторлардың тапсырмасымен аудан аумағына келген. Оларға заңсыз әрекеттерді орындау жүктеліп, ақшалай сыйақы уәде етілген.
"Сот үкімімен әрқайсына орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Ақмола облысының прокуратурасы заңсыз есірткі және психотроптық заттардың айналымына қатысу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Ведомство өкілдері интернетте ұсынылатын «жылдам табыс» туралы күмәнді ұсыныстардың көп жағдайда қылмыстық әрекеттермен байланысты болатынын және оның ауыр салдарға соқтыруы мүмкін екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: 4 наурызда Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр