Есірткі саудасы: Жамбыл облысында 5 мыңнан аса банк шоты анықталды

06.08.2025 19:10

Аймақта 4400 гектарда өскен 2,5 мың тонна қарасора жойылды

Жамбыл облысында 4400 гектарда өскен 2,5 мың тонна қарасора жойылды. Бұл жыл басынан бергі көрсеткіш. Деректер қатары былтырмен салыстырғанда 2,5 есе көп, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыстың 5 ауданындағы 65 мың гектар жерде жабайы есірткі өседі. Соған байланысты ол аумақтарда қылмыс та көп болады. Биыл есірткіге қатысты 303 дерек тіркелген. Ал мұндай қылмыстың алдын алу үшін өңірде «Есірткісіз болашақ» жобасы іске асып жатқан көрінеді. Жұмыс аясында полицейлер мен прокуратура өкілдері интернет желісі арқылы тыйым салынған затты саудалаған 5 мыңнан аса банк шотын анықтапты. Оларға 64 миллион теңгеден аса қаражат аударылған.

«Құқықтық статистика департаменті, сарапшылар және прокуратура полиция органдарымен бірлескен меморандумға қол қойылды. Мақсаты – сараптаманы бір тәулік ішінде шығару. Есірткі қылмыстары бойынша сараптама бір айға дейін жүргізілетін болса, қазіргі таңда мерзімі бір тәулікке дейін қысқарды. Жамбыл облысында 35 қылмыстық теріс қылық тіркеліп, бір тәуліктің ішінде сот шешімі шықты», – деді облыс прокурорының аға көмекшісі Нариман Торабеков.

Оқи отырыңыз: Балқашта құны 2,2 млн теңгенің заңсыз вейп саудасының жолы кесілді