Ешқандай көмек жоқ: Таразда өрттен зардап шеккен тұрғындар шатырды паналап жүр
Үйлердің өртенгеніне бес күн болғанымен, тілсіз жаудың неден шыққаны әлі белгісіз
Таразда 10 үйдің шатыры өртеніп, тұрғындар бір сәтте баспанасыз қалды. Пәтерлер бір-біріне жапсарлас салынғандықтан, от төбені лезде шарпыған. Тіпті ауладағы көліктер де жанып кеткен. Зардап шеккендер бес күннен бері ағайын-туысын жағалап, кейбірі шатырда түнеп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тілсіз жау осыдан 5 күн бұрын осы үйлердің бірінен тұтанған. Өртті сөндіруге 30 адам мен 8 техника жұмылдырылғанымен, баспаналарды оттан арашалап қалу мүмкін болмады. Қызыл жалын әп-сәтте 250 шаршы метрге ұлғайып, 10-ға жуық пәтердің шатырын күлге айналдырды. Салдарынан баспаналар тұруға жарамсыз күйге түсті.
"Үйіме кіре алмаймын. Суы әлі ағып жатыр. Әдемілеп жасалған кеме төбенің іші суға толып қалды. Көрпе-тесекті жайып жатырмыз", - деді қала тұрғыны Сабира Қолдасова.
Ай күннің аманында далада қалған тұрғындар қазір туған-туысының үйін паналап жүр. Кейбірі жалдамалы пәтерге жайғасса, енді бірі есік алдына шатыр тігіп, сонда түнеуге мәжбүр.
"Шатыр тігіп, тұрып жатырмыз. Туысы жоқтар әр жерде жүр. Көмек мүлде жоқ", - қала тұрғыны Ахметжан Жамалбеков.
Оқиға орнына келген қала әкімі тұрғындармен тілдесіп, тиісті көмек тергеу амалдары аяқталған соң көрсетілетінін мәлімдеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, апаттан кейін екі отбасы арнайы орталыққа орналастырылған. Алайда қалған тұрғындар ол жақтан бас тартып, туыстарының үйіне кетіпті.
"Екі күнде тергеу амалдары толық аяқталып, нәтижесі беріледі. Соны негізге ала отырып, төлемдердің көлемін анықтаймыз. Қорытынды қолымызға тимейінше, өтемақы төлеуді де, қалпына келтіру жұмыстарын да бастай алмай отырмыз", - деді қала әкіміБақытжан Орынбеков.
Үйлердің өртенгеніне бес күн болғанымен, тілсіз жаудың неден шыққаны әлі белгісіз. Төтенше жағдайлар департаменті жалынның шығу себебін анықтау үшін сараптама тағайындады.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер 33 жастағы пациенттің көзін сақтап қалды