Ескі техниканың екінші өмірі: алматылық мүсіншінің әр роботы 15 млн теңгеге бағаланады

Темірден түйін түйген шебер робот құрастырумен ғана шектелмей, ескі бұйымдарды жинауды да әдетке айналдырған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда теледидар, тоңазытқыш, шаңсорғыш секілді ескі тұрмыстық техникаларға жан бітіріп, оларды өнер туындысына айналдырып жүрген заманауи мүсінші тұрады. Темірден түйін түйген шебердің ісі көптің қызығушылығын оятқан. Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын жай ғана ермек ретінде басталған шаруа уақыт өте келе ауқымды шығармашылық жобаға ұласқан,деп хабарлайды Almaty.tv.

Қуаныш Мұхамеджанов – Алматыда заманауи мүсін өнерімен шұғылданып, ресайкл-арт бағытын дамытып жүрген шебер. Ол тұрмыстық қалдықтар мен пайдаланылған материалдарды кәдеге жаратып, түрлі робот мүсіндерін жасайды. Он жыл бұрын әуесқойлықтан басталған іс бүгінде ауқымды көрмеге ұласқан.

Тұрмыстық техниканы кәдеге жаратып, тың туындылар жасап жүрген шебердің қолынан бүгінге дейін алпыстан астам бұйым шыққан. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – сегіз кір жуғыш машина, төрт теледидар, үш газ плитасы мен бір тоңазытқыштың бөлшектерінен құрастырылған ерекше ұшақ мүсіні. Айрықша арт-туындыны жасауға шебер жарты жыл уақытын сарп еткен.

«Бірінші арт обьекті баблбиді ескі машинаның бөлшектерінен, чайниктерден, үйден табылған темір терсектерінен жасалған. Оны жасауға бір-екі ай кетті. Эко проект бойынша, ескі тұрмыстық техниканы әкеледі, солардан арт обьектер жасаймын», – деді заманауи мүсінші Қуаныш Мұхамеджанов.

Шебердің айтуынша, бір робот мүсінді жасауға шамамен бір айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Ал қажетті материалдарды экологиялық жоба аясында жинайды. Қазір оның туындыларына жақын және алыс шетелдерден қызығушылық артып отыр. Тіпті бірегей роботтарының бірі 5 миллион теңгеге бағаланып, сатылған.

«Мүсіндерім миллион теңгеден  15 миллион теңгеге дейін бағаланды. Ең соңғы робот бамблбидің биіктігі 4 метр, 5 миллион теңгеге саттым. Осы қыста Турциядан келіп, документалды фильм түсірді», – деді мүсінші.

Темірден түйін түйген шебер робот құрастырумен ғана шектелмей, ескі бұйымдарды жинауды да әдетке айналдырған. Ол болашақта туындыларын көпшілікке кеңінен таныстыру үшін қаланың әр нүктесінде көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Ең көп кітапхана қай өңірде

Новости партнеров