Су қателікті кешірмейді: бассейнде инфекция жұқтырып алмау үшін не істеу керек

Photo by Joe Calata on Unsplash
Photo by Joe Calata on Unsplash

Қоғамдық бассейнде жайсыз жағдайлардың алдын алу үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау жеткілікті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қапырық аптаптың сырттағы айласы қаншалықты зұлым болса да, құтқарушы салқын су айдындары одан да айлакер болып шығуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бәрі де Атыраудағы жағдай туралы естіген болар – қалалық аквапарктердің бірінде орын алған жаппай улану. Негізінен балалар зардап шекті. Куәгерлердің айтуынша, жөтел, құсу, есінен тану белгілеріне дейін зардап шеккендер өткір... хлор иісін сезген.

Яғни, бассейндерді зарарсыздандыру үшін жиі қолданылатын сол хлор. Қарапайым тілмен айтқанда, судың "гүлденбеуі" және патогенді микроағзалардың көбеюіне жол бермеу үшін қажет. Бірақ, әрдайымгідей – пайданың зиянға айналуы бір-ақ қадам, немесе артық бір миллиграмм.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті еске салады: бассейн суындағы хлордың мөлшері «Коммуналдық мақсаттағы нысандарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптармен» (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі № ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген) нақты реттелген.

Ең маңызды көрсеткіштер мынадай:

  • Еркін қалдық хлор: 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін – 0,1–0,3 мг/л, ересектер үшін – 0,3–0,6 мг/л;

  • Байланысқан қалдық хлор – 1,2 мг/л-ден аспауы тиіс.

«Сәйкесінше, бассейнде қауіпсіз және жайлы шомылу үшін хлордың болуы ғана емес, оның түрлерінің дұрыс арақатынасы маңызды. Осы нормалар сақталса, бассейн суы таза, мөлдір және денсаулыққа қауіпсіз болады», – деп түйіндеді комитет өкілдері.

Байланысқан хлор туралы айтар болсақ – бұл хлордың кір, косметика және, кешіріңіз, биологиялық сұйықтықтармен әрекеттесуінен пайда болатын қосылыстар. Дәл осы қосылыстар су айдындарына "жаңа жуылған дәретхана" секілді ерекше иіс береді.

Қолында коктейлі, екінші қолында су сынамасын алатын түтікшесі бар демалушылар сирек кездеседі. Сол себепті сенуге болатын жалғыз құрал – иіс сезу. Дәрігерлердің айтуынша, егер қатты тұрмыстық хлор иісін сезсеңіз – суға түспеңіз!

С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ішкі аурулар кафедрасының профессоры Шолпан Жангелова атап өткендей, дәл осы "хош иісті жанама өнімдер" денсаулыққа қауіп төндіреді.

«Зерттеулер көрсеткендей, хлордың тер және несеппен әрекеттесуінен түзілетін хлорамин мен трихлорамин сияқты хлорқұрамды қосылыстардың жоғары концентрациясы мұрын, көз, тамақтың шырышты қабықтарын тітіркендіріп, бронхоспазм, балаларда бронхиалды гиперреактивтіліктің дамуына себеп болуы мүмкін. Мұндай суда шомылу тері мен шырышты қабықтардың химиялық күйіктеріне, улануға, тіпті хлор буын жұтқанда өкпенің ісінуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, кейбір хлорлану өнімдері – мысалы, тригалометандар – ұзақ және жиі әсер ету кезінде, әсіресе бассейн қызметкерлері мен нашар желдетілетін орындарда, қуық обырының даму қаупін арттырады», – дейді Шолпан Жангелова.

Ол балалардың тыныс алу жолдары тітіркендіргіш заттарға әлдеқайда сезімтал екенін және олардың су жұтып қою қаупі жоғары екенін ескертеді.

Маңызды! Күшті хлорланған бассейндерге жиі бару ерте жаста бронхит пен астманың дамуына себеп болуы мүмкін. Бұл туралы ата-аналар ұмытпауы тиіс.

Пульмонолог Абзал Малбасқановтың айтуынша, қоғамдық бассейндердің көпшілігі келушілердің денсаулық жағдайын тексермейді. Демек, бұл «сорпаға» тағы қандай инфекция қосылатыны беймәлім. Осыдан қорытынды – дезинфекция маңызды. Дегенмен, ол дұрыс жүргізілген күннің өзінде, тыныс алу жүйесімен мәселесі бар және иіске сезімтал адамдарға бассейннен гөрі ашық су қоймаларын таңдаған жөн.

Қалған адамдар үшін дәрігерлер мынадай қауіпсіздік ережелерін ұстануға кеңес береді:

  • тері зақымдары, аллергиялық дерматит немесе астманың асқынуы кезінде суға түспеу;

  • суды жұтпауға тырысу, мүлде сүңгімеу және шашырамас үшін абай болу;

  • көзді арнайы суға түсуге арналған көзілдірікпен қорғау, линзамен шомылмау;

  • душ қабылдау – тек демалыс соңында ғана емес, әр сағат сайын жуынған жөн.

Соңында тағы қайталайық – иіс сезуіңізге сеніңіз. Кейде дәл осы сезім – сапаның ең сенімді көрсеткіші.

Оқи отырыңыз: Отандық өнім: Қазақстанда ойыншық өндірісі қалай дамып жатыр

Новости партнеров