Ет бағасын негізсіз өсіргендерге 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынады

Артық үстемақы қойғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді еттің бағасын негізсіз көтергендер 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Сауда және интеграция министрлігі құнға қатысты шағым қабылдайтын жедел желіні іске қосты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Үкіметте өткен брифингте ведомство басшысы Арман Шаққалиев үстемақыны 15 пайыздан асырып жібергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Мәселен, бірінші рет заң бұзса 5-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл тағайындалады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10-нан 300 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.

«Егер ет тапсыратын кезде оларға кедергі болса, тікелей қоңырау шала алады. Біз бұл мәселені бақылауға алатын боламыз. Егер сауда үстемесі 15 пайыздан көп екені туралы арыз түссе, міндетті түрде әкімшілік іс қозғалады. Биыл сондай делдалдарға 350 миллион теңгеден астам айыппұл салынды», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Елімізде құс еті айтарлықтай қымбаттамайды. Арман Шаққалиевтің дерегінше, тамыз айынан бері оның бағасы 1 пайызға ғана көтерілген екен. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сиыр етінің бағасы енді өспейді деді. Оның айтуынша, елімізде мал басы жеткілікті. Төлдің басы 17 пайызға көбейіп, 9 миллионға жуықтаған. Министр сиыр етінің қымбаттауын жем-судың, жанар-жағармай құнының көтерілуімен байланыстырып отыр.  

«Айта кетерлігі, ет үш түрлі болады. Жоғары сорт, орташа және төменгі сорт, яғни құнарлылығына, семіздігіне қарай бөлінеді. Олардың шығымы тиісінше 50%, 46% және 39%-ды құрайды. Баға да соған байланысты белгіленеді. Қазіргі күні ет бағасы шамамен 200–300 теңгеге қымбаттап, кейде 500 теңгеге дейін өсті. Дегенмен одан әрі айтарлықтай көтерілмейді. Бүгінгі таңда фермерлер етті орташа есеппен 3200–3500 теңге аралығында өткізіп жатыр. Ал нарықтағы сатылым одан кейінгі сұранысқа қарай қалыптасады.», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Оқи отырыңыз: СҚО-да жол апатынан 28 адам қаза тапқан: полиция ерекше науқан өткізді

Новости партнеров