СҚО-да жол апатынан 28 адам қаза тапқан: полиция ерекше науқан өткізді

Петропавлда полицейлер қираған көліктерді көшеге шығарып, жүргізушілерге ой салды 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Мәселен, 8 айда облыста 362 апат тіркеліпті. Былтырмен салыстырғанда көрсеткіш 65 дерекке көп. Ал қайғылы жайт салдарынан 2024 жылы 23 адам көз жұмса, биыл 28 адам қаза тапқан. Бұл мәселенің өзектілігіне жүргізушілердің назарын аудару үшін тәртіп сақшылары ерекше науқан ұйымдастырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Петропавлдық ағайын жолдағы ахуалдың шынында да күрделі болып тұрғанын айтады. Жүргізушілердің айтуынша, апат күн сайын болады. Ал оған көбіне асығыстық, әдепсіздік пен ұқыпсыздық әсер етеді екен.

«Көше қиылысында тоқтай қалсаң болды, көбінің телефонға үңіліп кеткенін байқайсың. Кейбірі, қысып, алға шыға жөнеледі. Түрлі жағдай болады», «Ақпан айында бір жүргізуші қатты асыққан болса керек, алдымнан атып шыға келді. Озып үлгеремін деп, көлігімнің алдыңғы бөлігін түртіп кетті», «Жастар алды-артына қарамай, қатты айдайды» дейді тұрғындар.

Ал осындай немқұрайлықтың соңы неге әкеліп соғуы мүмкін екенін көрсету үшін полиция қызметкерлері ерекше науқан өткізді. Дәріс оқып, жадынама таратудың орнына, тәртіп сақшылары түрлі апаттан қирап, бүлінген көліктерді ауыр техникаларға тиеп алып, қала көшелерімен жүріп өтті. Тұрғындарға «Жол қателікті кешірмейді» деген ойды жеткізді.  

«Жол-көлік оқиғаларының салдары қаншалықты ауыр болатынын көрсеткіміз келді. Біз барлық жол қозғалысына қатысушыларды ережені қатаң сақтауға шақырамыз. Себебі, кез келген заңбұзушылық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», - деді ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Уәлихан Оразалин.

Бұл науқанға құтқарушылар, дәрігерлер мен жол қызметінің мамандары да қосылған. «Өйткені қауіпсіздікті сақтау – ортақ жауапкершілік» дейді олар. Акция аясында жаяу жүргіншілерге де көп көңіл бөлінді. Себебі, биылдың өзінде 103 адамды көлік қағып кеткен. Салдарынан оның алтауы көз жұмған.

«Жаяу жүргіншілерге айтарымыз, өзіңізді ғана емес, өзгені де ойлай біліңіз, ол үшін жолдан тек арнайы белгіленген жерлер арқылы өту керек, ал жүргізуші қозғалысты байқауы керек», - дейді ПД бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.

Рас, бұл іс-шара жолдағы қауіпсіздіктің жаяу жүргіншіге де, жүргізуші мен жолаушыға да байланысты екенін көрсетті. Себебі, қираған көлікке қарап-ақ та, ой қалыптастыруға болады.

Рүстем Айткәрім, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Әскери бөлімдегі 7 сарбаз жындыханадан бір-ақ шыққан: ата-аналар әлімжеттікке шағымданды

Новости партнеров