ЕТЖ-ны 110 мың теңгеге арттыру және ШОБ тексерісіне мораторий: министрлік жоспары
Бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары негізінде Салық кодексіне ішінара өзгерістер пакеті қалыптастырылды
Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 110 мың теңгеге дейін артады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министр Азамат Әмрин Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар кешенін таныстыра отырып баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықтың нақты табысын арттыруды экономиканың орнықты әрі сапалы өсуі және инфляцияның төмендеуі есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ол үшін баға белгілеуді тарифтік саясат аясында кешенді түрде қадағалау шаралар күшейтілетін болады.
Кәсіпкерлікті қолдау саласында ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және әкімшілік қысымды төмендету тетіктерін қамтитын Орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеу жоспарлануда.
«Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұдан басқа, бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдері жетілдіріледі», — деп атап өтті вице-министр.
Салық саясаты шеңберінде бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары негізінде Салық кодексіне ішінара өзгерістер пакеті қалыптастырылды. Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырылатын болады.
«Жолдау аясында Мемлекет басшысы инфрақұрылымның «ауқымды құрылысы» бағытын белгіледі. Ол үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды», — деп атап өтті Азамат Әмрин.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Президент Жолдауы – мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат