Еуропада бельгиялық Porschist журналының Қазақстанға арналған арнайы саны жарық көрді. Басылымда еліміздің бес қаласы – Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Байқоңыр таныстырылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Әрқайсысы өзіндік тарихы мен сәулеттік келбеті, мәдени ерекшелігі арқылы дербес туристік бағыт ретінде сипатталған. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасының өкілдері хабарлады.
Журналда Алматы Іле Алатауының баурайындағы табиғат пен заманауи урбанистік кеңістікті үйлестірген қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде көрсетілген. Редакция кеңестік модернизмнен бастап қазіргі қоғамдық кеңістіктерге дейінгі сәулет эволюциясына назар аударып, қаланың гастрономиялық мәдениеті мен креативті индустриясының дамуын да атап өтеді.
Басылымда Республика алаңы мен Тәуелсіздік монументі, Вознесенский кафедралды соборы, Көктөбе сияқты көрнекті орындар кеңінен таныстырылған. Сонымен қатар испан мүсіншісі Жауме Пленсаның «Надэс» атты мүсіні де назардан тыс қалмаған.
Алматыдағы түсірілім жұмыстары 2025 жылы жазда өтті. Ұйымдастырушылық қолдау мен локацияларды үйлестіруді Almaty Tourism Bureau қамтамасыз етті.
Porschist – 20 жылдан астам тарихы бар, халықаралық аудиториясы қалыптасқан еуропалық баспа журналы әрі онлайн платформа. Әр саны белгілі бір елге арналып, оны сәулет, мәдениет, табиғи ландшафт және өмір салты арқылы таныстырады.
Арнайы шығарылым Қазақстанның халықаралық медиакеңістіктегі танымалдылығын арттырып, Алматының Орталық Азиядағы заманауи туристік бағыт ретінде ілгерілетуге ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ІІМ "Автомектеп" ақпараттық жүйесін енгізді