Кездесуде инвестиция, көлік дәліздері және визалық режимді жеңілдету мәселелері талқыланды
Брюссель қаласында Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өтті. Жиын барысында Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко журналистермен пікір алмасып, Қазақстанның Еуропамен ынтымақтастығы туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесуге Бельгияға біліктілікті арттыру курстары аясында келген бірқатар қазақстандық медиа өкілдері қатысты. Олардың қатарында «QazaqToday» ақпарат агенттігі, «Жетісу» радиосы, «Қостанай таңы» газеті, «Қызылжар-Ақпарат» медиахолдингі, «Turkistan Media Holding» және «Алматы» телеарнасының өкілдері болды. Журналистер делегациясын Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастап келді.
Кездесу барысында елші Қазақстанның Бельгия және Люксембургпен екіжақты байланыстары, сондай-ақ Еуропалық одақпен және NATO құрылымдарымен өзара іс-қимылы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді.
«Еуропалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына салынған жалпы көлемі 200 млрд доллардан асты. Сонымен қатар Қазақстан Еуроодақ елдеріне жеткізілетін мұнайдың шамамен 13 пайызын қамтамасыз етед», – деп атап өтті Р. Василенко.
Елші айтып өткендей, соңғы жылдары тараптар көлік-логистика саласындағы байланысты да кеңейтіп келеді. Әсіресе Trans-Caspian International Transport Route аясындағы ынтымақтастыққа басымдық беріліп отыр. Бұдан бөлек, сыни шикізат ресурстары, жасыл энергетика және цифрландыру бағыттарында жаңа жобалар қолға алынуда.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселесі де қозғалды. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы келіссөздер жалғасып жатыр.
Жиында Қазақстан мен Бельгия арасындағы экономикалық байланыстардың дамуы да сөз болды. Бүгінде елімізде Ahlers, Sarens, Carmeuse, Solvay және Jan De Nul секілді бельгиялық компаниялар жұмыс істейді. Ал Брюссельде Қазақстанның мәдени орталығы ашылып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу соңында елші журналистерге Қазақстанның халықаралық қызметіне қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіріп, ел мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықты қоғамға объективті жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі маңызды екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Астанада жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері сараптамалық платформада талқыланды