Ол қоғамның қоршаған ортаға, адамдар мен елдің болашағына деген көзқарасы ең алдымен мәдениет деңгейімен айқындалатынын атап өтті
Эколог, ECO Network жобасының негізін қалаушы, EN Social қоғамдық қорының директоры Евгений Мұхамеджанов Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметіне Қазақстанның жаңартылған конституциясы туралы пікір білдіріп, онда экология мен экологиялық тәрбиенің маңызы арта түскеніне ерекше тоқталды, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сарапшының айтуынша, жаңартылған конституция құрылымы жағынан жүйеленіп, еліміздің қазіргі даму басымдықтарын айқындап берген. Оның пікірінше, экологиялық мәдениеттің ерекше маңызға ие болуының конституциялық деңгейде бекітілуі негізгі өзгерістің бірі болыпты.
«Жаңартылған конституцияда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілгені қуантты. Табиғат – бізге аманат етіп берілген баға жетпес байлық. Оны келер ұрпаққа аман жеткізу – міндетіміз», – дейді.
Ол қоғамның қоршаған ортаға, адамдар мен елдің болашағына деген көзқарасы ең алдымен мәдениет деңгейімен айқындалатынын атап өтті. Экологтың пікірінше, материалдық байлық пен мемлекеттің қуаты мінез-құлық мәдениетінің орнын баса алмайды ешқашан.
«Егер адам мәдениетті болса, ол табиғатты қорғайды, айналасындағыларға жанашыр болып, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Сондықтан экологиялық мәдениет балабақшадан, мектептен, жоғары оқу орнынан бастап қалыптасып, адамды өмір бойы сүйемелдеуі тиіс», – деді сарапшы.
Евгений Мұхамеджанов экология мәселесіне ерекше көңіл бөлгені үшін жаңартылған конституцияны әзірлегендерге алғыс білдірді. Оның айтуынша, экологиялық мәдениет қағидатының конституция деңгейінде бекітілуі жауапты қоғам қалыптастырып, Қазақстанның тұрақты дамуына жол ашпақ.
Оқи отырыңыз: Ғани Нығыметов: «Жаңартылған конституцияның басты басымдығы – адам, білім мен ғылым»