Ол білім мен ғылым Қазақстанды сапалық тұрғыдан жаңа даму деңгейіне көтеретін негізгі фактор екенін ерекше атап өтті
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығыметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстанның жаңартылған конституциясының маңызы туралы пікір білдіріп, оның жаһандық өзгеріс кезіндегі алар орнына тоқталды, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жаңартылған конституция Қазақстанның сапалық тұрғыдан жаңа даму моделін қалыптастырады. Бұл мемлекетке әлемдік тұрақсыздық пен жоғары белгісіздік кезеңінен сенімді әрі тұрақты өтуге мүмкіндік береді.
«Халықтың қолдауының арқасында жаңартылған конституция қабылданып, мемлекет басшысының бастамасымен оған шын мәнінде прогрессивті нормалар енгізілді. Ең маңыздысы – еліміздің стратегиялық даму бағытының қатарына ғылым, білім мен адами капиталды дамыту енгізілді. Бұл адамның, оның құқығы мен бостандығының, білімі мен ғылымының басты құндылыққа айналғанын білдіреді», – дейді Ғани Нығыметов.
Ол білім мен ғылым Қазақстанды сапалық тұрғыдан жаңа даму деңгейіне көтеретін негізгі фактор екенін ерекше атап өтті.
«Академиялық қауымдастық жаңартылған конституцияның нормаларының толық іске асуынан үлкен үміт күтеді. Бұл білім беру жүйесін жаңғыртуға, осы салаға инвестиция көлемін арттырып, жастар мен еліміздің болашағына инвестиция салуға мүмкіндік береді», – деді ректор.
Сөз соңында Ғани Нығыметов жаңартылған конституцияның әлеуетін толық жүзеге асыру мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болатынына сенім білдірді.
Оқи отырыңыз: Халық Конституциясы – Әділетті Қазақстанның төлқұжаты - Дархан Сатыбалды