FAIO - 2026: Алматыда халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды
Олимпиада командалық форматта өткізіліп, қатысушылар бағдарламалау, деректерді талдау, математика және машиналық оқыту бағыттары бойынша күрделі тапсырмаларды орындады
Алматы қаласында FAIO 2026 (Fizmat AI Olympiad) халықаралық жасанды интеллект және машиналық оқыту олимпиадасы аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл олимпиаданың іріктеу кезеңіне әлемнің 28 еліндегі 125-тен астам қаладан шамамен 1 500 мектеп оқушысы қатысты. Іріктеу нәтижесінде 49 команда финалға жолдама алып, олардың 47-сі шешуші кезеңде бақ сынады. Финалға 15 елден 118 оқушы қатысты.
Халықаралық жарыста Қазақстан, Армения, Беларусь, Испания, Италия, Кипр, Қырғызстан, Марокко, Моңғолия, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан және Филиппин елдерінің оқушылары білімі мен қабілетін көрсетті.
Олимпиада командалық форматта өткізіліп, қатысушылар бағдарламалау, деректерді талдау, математика және машиналық оқыту бағыттары бойынша күрделі тапсырмаларды орындады. Финалдық кезең екі турдан тұрды.
Жарыс қорытындысы бойынша Гран-при Ресей командасына бұйырды. I орынды Ресейдің 3 командасы, II орынды Қазақстан, Ресей, Таиланд және Кипр елдерінің 8 командасы, III орынды Қазақстан, Румыния, Ресей, Испания және Моңғолия елдерінің 12 командасы иеленді. Олимпиаданың жалпы жүлде қоры 11 миллион теңгені құрады.
FAIO олимпиадасы биыл үшінші рет ұйымдастырылды. 2024 жылы тек қазақстандық оқушылар қатысқан білім сайысы бүгінде халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл жарыс жас дарындардың жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласындағы білімін жетілдіруге, тәжірибе алмасуына және заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай халықаралық зияткерлік жарыстарды Қазақстанда өткізу еліміздің білім беру әлеуетін танытуға, дарынды оқушыларды қолдауға және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Жеңімпаз ұлт: Банан қабығынан су тазартатын құрылғы жасаған жас ғалым әлем чемпионы атанды