Жеңімпаз ұлт: су тазартатын құрылғы жасаған жас ғалым әлем чемпионы атанды
Жас ғалым ғылыми жарыстардың бірі ISEF байқауында бақ сынауды жоспарлап отыр
Белдесуде талай мықтыны ойсырата жеңіп, ғылымның құпиясын зерттеп, домбыраның қос ішегінен күй күмбірлеткен жігіт! Осы өнердің бәрі алматылық Дархан Қыдырбайдың бойынан төгіліп тұр. 11-сынып оқушысы ғылымның ғаламатына терең үңіліп, су тазартатын жоба әзірлеген. Жас ғалымның бұл жұмысы оны ғажайып жеңістерге жеткізді. Онымен қоймай, ол грэпплингтен әлем чемпионы атанып та үлгерген.
Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің жеңістері туралы Almaty.TV-дегі «Жеңімпаз ұлт» айдарында толығырақ.
Өзге оқушылардың таңы «Бүгін сабақта не үйренем?» деген оймен атса, Дарханның күні «Ғылымға не берем?» деген сауалмен өрбиді. Жас зерттеуші ғылымға жетінші сыныптан бастап әуестенген. Оның ең сәтті жобаларының бірі – суды тазарту құрылғысы. Ол банан қабығын кәдеге жаратып, бірнеше жарыста жүлделі болды. Яғни, қарапайым жолмен жасалған сіңіргіш материал судағы зиянды қоспаларды бойына жинайды. Одан кейін су қосымша тазартудан өтіп, қажетті минералдармен байытылады.
«Президентіміз ғылымның алдыны міндет қойды. Сол себепті ғылым саласындағы биік белестерді бағындыруға дайынмын. Алғаш рет Біріккен ұлттар ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген конкурстың республикалық этапына өтіп, бірінші орын алдық. БҰҰ басшысы жобамызды тыңдап, сұрақ қойып және де кері байланысқа шықты», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дархан Қыдырбай.
«Өте белсенді оқушы. Сонымен бірге химия пәнінен ғылыми жобаларға қатысып жүрген оқушылардың бірі. Қазан айының соңына таман желілік деңгейде өз жобаларын таныстырады. Егер Дархан осы жолы желілік кезеңнен жоғары нәтиже көрсетсе, әрі қарай қолдауға тырысамыз», – деді НЗМ химия-биология бағытындағы филиалының директоры Мәслихат Зәмірбекқызы.
«Болар баланың бетін қақпа, белін бу». Дархан Қыдырбайдың ата-анасы оның ғылым мен ілімге деген әуестігін бала кезінен аңғарып, әртүрлі үйірмеге жетектеген. Дарханның ағасы да ғылымға құштар, қолы қит ете қалса, екеуі бірігіп түрлі ғылыми туындыны парақтап, қабілетін шыңдайды.
«Дархан баламыз кішкентайынан зерек, танымпаз боп өсті. Сол кезде-ақ миллионер, кәсіпкер, спортсшы болам дейтін. Әрбір әке-шеше баласының жақсы қызметкер болғанын, жақсы кәсіп иемденіп, мемлекетінің, елінің дамуына үлес қосса деп ойлайды. Сондықтан кішкентайынан үгіттеп жатырмыз», – деді Д. Қыдырбайдың әкесі Елдос Айдаров.
Дархан – ғылымның төңірегінде ғана емес, өнерде де өрлеп жүрген оқушы. Сабақтан тыс уақытта домбыра шертіп, ұлттық рухын да көтереді. Оған қоса, ол – спорт майталманы. Бір қарағанда, ғылым мен спорттың арасы жер мен көктей көрінеді. Бірақ Дархан Қыдырбай – қос бағытта да жеңіс тұғырына шыққан жас дарын. Түске дейін мектепте білім мен ғылымның соңын қуса, ал кешқұрым грэпплинг бойынша жаттығады. Бұл спортпен шұғылданып жүргеніне небәрі екі жыл болса да, Дархан Samurai world турнирінде шетелдік спортшылармен бәсекеге түсіп, әлем және Азия чемпионы атанған. Талант пен талапты ұштастырған оқушының бұл жетістіктері – тынымсыз еңбек пен табандылықтың жемісі.
«Samurai world-қа мен 3 айдай дайындалдым. Финалда қарсыласымды ұтқаннан кейін, қуандым. Себебі ата-анамның артқан үміті және де менің еңбегім, қаншама уақыт спортпен айналысқаным босқа кетпегені есіме түсіп, қуаныш сезім пайда болды», – деді Дархан Қыдырбай.
«Оның тәртібі де, тәрбиесі де өте жоғары деңгейде. Осындай керемет жігітті тәрбиелеген ата-анасына алғыс айтқым келеді. Алғашқы турнирі оңай болған жоқ. Қарсыластарының бәрі мықты еді. Әрқайсысының 20 жеңісі бар, Абу-Дабиде өткен жарыстарға, Әлем чемпионаттарына қатысып жүлделі орындар алған спортшылар болды. Ал бұл – Дарханның алғашқы турнирі еді. Соған қарамастан, ол жеңіске жетті. Оны тек спортшы ретінде ғана емес, адам ретінде де ерекше бағалаймын. Тәрбиесі, тәртібі мен мінезі оны мен көрген басқа спортшылардан бір саты жоғары қояды», – деді Д. Қыдырбайдың жаттықтырушысы Ислам Сайдиев.
Алдағы уақытта жас ғалым ғылыми жарыстардың бірі ISEF байқауында бақ сынауды жоспарлап отыр. Дарханның басты мақсаты – жаңалық ашумен шектелмей, зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолданып, қоғамға пайда әкелу. Қазір ол ауаны тазарту үшін де құрылғысын кәдеге жарату мүмкіндігін қарастырып жүр. Нағыз жеңіс тек мақтау қағаздарымен, не болмаса медальмен өлшенбейді. Ол – күн сайынғы еңбек, табандылық пен биік мақсатқа деген шексіз сенім. Дарханның жетістігі – соның айқын дәлелі. Ол – спортта ел намысын қорғап, ғылымда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жүрген азамат. Жеңімпаз ұлт – жеңіске сенетін ғана емес, шыңға жету жолында берілмей тер төгетін жігерлі ұлт.
Айдана Шалқар, Думан Дәулетбақұлы, Жайық Белқожаев