Фельдшердің қазасы: оқиға орнына 4 минутта жеткен өрт сөндіруші жауап берді

27.08.2026 19:51

Оның айтуынша, зардап шеккендердің үстінде кірпіш жатқанын және кондиционер де табылғанын жеткізді 

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында Мүлік иелерінің бірлестігінің бұрынғы төрағасы Гүлжаухар Ахметова куәлік берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол аталған қызметті 2019 жылғы 23 наурыздан 2025 жылғы 30 сәуірге дейін атқарғанын айтты. Куәгердің сөзінше, үйді басқаруға кіріскен кезде кондоминиумға қатысты қажетті құжаттар болмаған. Осыған байланысты ол құжаттарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Сөзінше, 2017 жылғы техникалық қорытындыда ғимараттың жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, негізгі конструкцияларға өзгеріс енгізу қажет еместігі көрсетілген. Сонымен бірге мамандар жөндеуді қажет ететін бірқатар ақауды анықтаған. Куәгер сол ескертулер бойынша тиісті шаруа жүргізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ Гүлжаухар Ахметова қызметтен кеткен кезде кондоминиумға қатысты барлық құжаттарды қабылдап алатын тарапқа толық тапсырғанын жеткізді.

«Қызметтен кеткен кезде барлық құжатты Сәуле Жұбаниязоваға тапсырдым. Олардың арасында пәтер иелері туралы мәліметтер, техникалық паспорт, орнатылған жеделсатыларға қатысты құжаттар, 27 бейнебақылау камерасына қатысты материалдар, жеткізушілер және сервистік ұйымдармен жасалған келісімшарттар, тұрғын емес үй-жайлардың иелерімен жасалған шарттар болды. Сондай-ақ 2017 жылғы ғимараттың техникалық жағдайын зерттеу қорытындысы болды. Құжаттарды тапсыру кезінде куәгерлер қатысты», – деді куәгер Гүлжаухар Ахметова.¤

Сот отырысында оқиға болған күні құтқару жұмыстарына қатысқан №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Аян Кемпіров те жауап берді. Оның айтуынша, төтеншеліктер оқиға орнына келген кезде екі адамды үйінді астынан қауіпсіз жерге шығарған. Зардап шеккендердің үстінде кірпіш жатқанын және кондиционер де табылғанын жеткізді.

«Бізге қыздың үстіне кондиционердің құлап кеткені туралы шақырту түсті. Шақырту жедел жәрдем стансасынан болды. Ол жерге 4 минутта жеттік. Яғни, белгіленген жедел жету уақытынан да ертерек бардық. Келген кезде қызды жедел жәрдем көлігіне зембілмен кіргізіп жатқанын көрдік», – деді ТЖД № 9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Аян Кемпіров.

Оқи отырыңыз: Абай облысында жол апатынан 4 адам көз жұмды

Толық көрсету