Феталдық хирургия және перинаталдық көмек: Алматыда халықаралық практикалық тренинг өтті

Конференцияға Үндістан, Түркия, Латвия, Ресей және көршілес елдерден 38-ден астам спикер келді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жаңа туған нәрестелерге POCUS ультрадыбыстық зерттеу әдісін қолдану және веноздық қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық деңгейдегі практикалық тренингтер өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Hands-on форматындағы сабақтарға шетелдік сарапшылар қатысып, дәрігерлерге күрделі клиникалық жағдайларда жедел әрі қауіпсіз шешім қабылдау тәсілдерін көрсетті. Басқосуда жаңа туған нәрестелерге жасалатын күрделі оталар, феталдық хирургия және перинаталдық көмектің сапасын арттыру мәселелері де кеңінен талқыланды.

Айта кетейік, Алматыдағы мамандандырылған орталықтарда феталдық хирургия бағытында 70-тен астам құрсақішілік операция жасалған. Сондай-ақ жыл сайын 9 мыңнан аса босану қабылданып, бүгінге дейін 3100-ден астам жүрек отасы орындалған. Мамандардың айтуынша, мұндай кәсіби алаңдар медицинадағы жаңа әдістерді тәжірибеге енгізіп, ана мен бала өлімін азайтуға және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Алматыда перинатология және ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған конференцияға қатысып отырмын. Осындай форматтағы жиынға екінші рет өатысып отырмын. Мұндай конференциялар теория мен тәжірибені ұштастырып, дәрігерлерге қауіпсіз әрі сапалы жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді», – деді анестезиолог-реаниматолог Всеволод Лыхин.

Конференция бағдарламасында практикалық бағытқа ерекше басымдық берілді. Қатысушылар клиникалық жағдайларды талдап, күрделі медициналық шешім қабылдау тәжірибесін бөлісті. Сонымен қатар акушерлік, неонатология, мейірбике ісі және жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету саласындағы өзекті мәселелер көтерілді.

«Салауатты ұрпақ - Қазақстанның болашағы» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Үндістан, Түркия, Латвия, Ресей және көршілес елдерден 38-ден астам спикер келді. Екі күнге созылған жиынға Алматы мен еліміздің өңірлерінен 300-ге жуық дәрігер, ғалым, медициналық және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында жас ғалымдар арасында конкурс та ұйымдастырылды. Сала мамандардың айтуынша, мұндай конференциялар халықаралық тәжірибені отандық медицинаға бейімдеуге жол ашады.

«Бүгінгі конференцияда феталдық хирургияның маңыздылығы мен өзекті мәселелері туралы сөз қозғаймын. Бұл - әлемде, соның ішінде Түркияда да сирек жасалатын күрделі операциялардың бірі. Сондықтан перинаталдық кезеңде дер кезінде диагноз қойып, дұрыс емдеу тактикасын таңдаудың маңызы зор. Өз презентациямда осы бағыттағы тәжірибе мен негізгі тәсілдерге тоқталамын. Қазақстан мен Түркия медицинасының дамуына үлес қосып, осындай халықаралық конференцияда бұл тақырыпты талқылап, әрі қарай дамытуға мүмкіндік туғанына қуаныштымын», – деді акушер-гинеколог Эсра Эсим Байрактар (Түркия).

Оқи отырыңыз: Алматыда балаларға арналған ғылыми музей ашылады

Новости партнеров