Сенаторлар зияткерлік меншік саласы туралы заңды да қарады
Енді фонограммамен ән айтқан әншілерге 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бүгін Сенатта тиісті заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың сөзінше, бұндай жазаға концерт ұйымдастырушылары да тартылады. Жаңа заңда екі жүзден астам көрермен жиналған іс-шараларда фонограмма пайдалануға тыйым салынады. Ал көшелер мен алаңдарда, ипподром сияқты нысандарда рұқсат етіледі. Бірақ ұйымдастырушылар көрерменге әншілердің жанды дауыста ән айтпайтынын хабарлауға міндеттеледі. Одан бөлек телевизиялық түсірілім кезінде фонограммаға рұқсат беріледі.
«Фонограмманы толық тыйым салу мүмкін емес. Себебі, мәдениет мекемелері тек концерттік ұйымдар емес, сонымен қатар театр, циркте фонограмманы пайдаланады. Сол себепті ара-жігін ажырату үшін концерттік, мәдени-бұқаралық іс-шара деп бөлдік. Бірінші кезекте тек концерттік іс-шараларға қарастыралатын болады. Бұл норма тек қана 200-ден астам адамға ғана пайдаланылатын болады», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.
Сондай-ақ Сенаторлар зияткерлік меншік саласы туралы заңды да қарады. Құжатта ән авторлары мен орындаушылардың сыйақысын әділ төлеу үшін цифрлық платформа іске қосылатыны жазылған. Цифрлық ресурс арқылы туындыны кім, қайда, қалай пайдаланғанын көруге болады. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова дәмхана, караоке, радио мен телеарналарда қойылатын шығармалар үшін жиналған қаражат көп жағдайда авторлық қоғамдастықтарға жетпей жатқанын айтты. Сондықтан цифрлық платформада келісімшарттардан бөлек, қойылатын әндер де тіркеліп, арнайы есептегіш арқылы бақыланбақ.
«Тәулік бойы жұмыс істейтін телеарналар мен радиолар бар. Сол жерде белгілі бір әннің қашан және неше рет қойылғанын плафтормадан көруге болады. Сыйақы да композиторлар, авторлар мен орындаушылар арасында платформа арқылы әділ бөлінеді», – деді ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова.
Оқи отырыңыз: Мектеп асханалары алдын ала ескертусіз тексеріледі