Қолайсыз ауа райы: Астанада 700-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді

06.11.2025 19:31

Мамандардың мәліметінше, 500-іге жуық адам құлап, дене жарақатын алған

Астанада апта басынан бері шамамен 700-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанада алғашқы қар жүргізушілерді әбігерге салды. Көптеген көлік иесі машиналарын қыстық дөңгелекке ауыстырып үлгермегендіктен дөңгелек жөндеу орындарында сағаттап кезек күтуде. Ал тәртіп сақшылары қар түскен алғашқы үш күннің ішінде қалада 700-ге жуық жол апатын тіркеген. Мамандар мұны көктайғақ пен жүргізушілердің қыс маусымына ерте дайындалмауымен байланыстырады. Сондай-ақ полиция алдағы айларда жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге айыппұл салынатынын ескертті.

«Кеден одағының доңғалақты көлік құралдарын қауіпсіздігі туралы техникалық регламенттің талаптарына сәйкес автокөліктер қысқы шиналармен жабдықталу тиіс. Астанада ауа температуарасының төмендеуі әдетте ерте басталатынын ескерсек шиналарды желтоқсан айына дейін ауыстыру қажет екенін туындайды. Сол себепті көлігіңізді қысқы кезінде алдын ала дайындауды ұсынамыз. Жолда абай болыңыздар», – деді ПД бастығының орынбасары Ержан Әділбеков.

Жүргізушілер де қысқа дайын болмай қалғанын жасырмады. Олардың айтуынша, қалың қардан кейін көліктерін үйде қойып, такси қызметін пайдалануға мәжбүр болыпты.

«Көлікті үйге қалдырып кеттім. Жүру машинаның даже шинасын ауыстыруға да мүмкіндік болмай жатыр. Қар, мұз, көктайғақ әрі-бері жүруге қиын. Барлық жолдағы адамдарға, жүргізушілерге егер дөңгелекті ауыстырмаса, күте тұрған дұрыс. Жол апаты көп болып жатыр», – деді қала тұрғыны Диас Нұрмахан.

Дәрігерлердің айтуынша, қолайсыз ауа райы тек жүргізушілерді әбігерге салған жоқ, қала тұрғындарына да айтарлықтай қиындық туғызды. Соңғы үш күннің ішінде елордадағы травматология орталықтарына 1300-ден аса адам әртүрлі жарақатпен жеткізілген. Мамандардың мәліметінше, олардың шамамен 500-і көктайғақтың кесірінен құлап, дене жарақатын алған.

«Құлаған кезде адамдар көбіне қолы мен аяғын жарақаттап алады. Ең жиі кездесетін жарақат  қолдың білезік тұсы және аяқтың тобық буыны. Соңғы күндері 38 адам жағдайы ауыр болғандықтан ауруханаға жатқызылды. Жыл сайын айтатын қарапайым кеңестерді тағы да еске салғым келеді. Табаны таймайтын аяқ киім киіңіздер. Қараңғы, мұз қатқан жерлермен жүрмеуге тырысыңыз», – деді Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас травматологы Алексей Солод.

Қазір көшелерді қардан тазарту жұмыстарына 400 арнайы техника мен 500-ге жуық қызметкер тартылған. Қала маңындағы қауіпсіздік те бақылауда. Осы ретте Төтенше жағдайлар министрлігі қыс маусымына толық дайын екенін мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, 44 мыңнан астам маман мен 12 мыңға жуық техника кез келген жағдайға сақадай сай.

Сонымен қатар ауа райына тұрақты мониторинг жүргізіліп, автожолдарда оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Оқи отырыңыз: Шымкентте 2 мыңнан астам заңсыз салынған құрылыс анықталды