Қазақстандықтар бақша өнімдерін қаншалықты көп тұтынады – зерттеу

Өңірлер бөлінісінде Алматы көш бастап тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Energyprom.kz сайты келтірген деректерге сүйенсек, биыл ІІ-тоқсанда әр отбасы «жеміс-жидек себетіне» орташа есеппен 40 мыңға жуық қаражат жұмсапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Биыл екінші тоқсанда Қазақстанда орташа есеппен әр адам 26,5 келі жеміс тұтынған екен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға көп.

Өңірлер бөлінісінде Алматы көш бастап тұр. Сәуір-маусым аралығында адам басына 20,5 кг-нан келеді. Жылдық өсім – 13,9%. Екінші орында Маңғыстау облысы - 20,3 келі, 20,2 кг бақша өнімдерін тұтынатын Астана үшінші орында тұр. Абай, Атырау облыстарының және Шымкент қаласының тұрғындары пайдалы өнімді аз алады екен.

Ал елде қандай жеміс түрі көп сатылады? Бірінші орында алма тұр. Алма жан басына шаққанда 4 келіден келеді екен. Одан кейін банан және құлпынай тұр. Ел тұрғындары қарбыз, мандарин, апельсин, өрік, шабдалы, шие секілді жеміс-жидектерді де жиі тұтынады.  

Сондай-ақ биыл сәуір-маусым аралығында әр отбасы «жеміс-жидек себетіне» орташа есеппен 40 мыңға жуық қаражат жұмсапты. Жоғарыда айтып өткендей, бақша өнімдерін тұтыну бойынша Алматы, Маңғыстау облысы және Астана көш бастағанымен, қаржылай шығындарға келсек, жағдай басқаша.

Бәрінен көп Маңғыстау облысының тұрғындары пайдалы өнімге 62 мың теңге құртыпты. Одан кейін Ұлытау облысы – 50 мың. Үшінші орында Алматы тұрғындары тұр. Олар 47 мың теңгеден көп ақша жұмсапты.

Numbeo талдаушыларының дерегіне көз жүгірсек, ТМД елдері арасында Қазақстанда жеміс-жидек құны ең қымбат болып саналады екен. Долларға шаққанда 1 келісі үшін апельсин 2,1 доллар, алма 1,3 доллар, банан 2 доллар.

Осы тұста айта кетейік, Қазақстанда егін жинайтын кезеңде алма импортына тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өнім өндірушілердің осы уақытта шығынға батып қалатынын, сол себепті осындай шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия да жыл соңына дейін көлікпен басқа елдерден алма әкелуге шектеу қойылғанын мақұлдады.   

«Бұл шектеудің енгізілу себебі – отандық алма өндірісін қолдау. Біз алма өндірісін қолдау үшін көптеген мемлекеттік қолдау шараларын жасап жатырмыз. Субсидия, несиелер бөлініп жатыр. Сол нәтижесін беріп жатыр қазіргі күні. Яғни, алма өндірісі артып, бірақ сол өндірілген алманы өткізуде арзан импорттың көп болуына байланысты проблемалар туындап жатыр. Осы мәселені шешу үшін осындай шектеу қойып отырмыз. Барлығын емес, тек автокөлікпен ғана келетін өнімді шектеп отырмыз, сондықтан алманың тапшылығы болмауға тиіс», - деді ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Шаймерден Ахметов.

Еске салсақ, Ауылшаруашылығы министрлігінің Қазақстан аумағына көлікпен алма әкелуге тыйым салу туралы бұйрығы 8 қазанда күшіне енген болатын.  

Еркебұлан Серікұлы, Аlmaty TV арнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Новости партнеров