Ғарыштан да көрінеді: Жезқазған маңындағы заңсыз қоқыс ауқымы жаға ұстатады

Қалада 130-дан астам заңсыз қоқыс алаңы анықталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жезқазғанда заңсыз қоқыс полигондары шамадан тыс көбейіп барады. Мәселен, былтырдың өзі мұнда 130-дан астам алаң анықталыпты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ғарыштан жүргізілген мониторинг барысында белгілі болған бұл полигондардың көбі әуежайға апарар жолдың қос қапталында және жаңадан бой көтеріп жатқан Батыс ауданда орналасқан екен.

Айта кетейік, аталған жүзден аса қоқыс аумағының бүгінде тек 8-і жойылыпты. Экология департаменті "мәселеге байланысты бірнеше рет ескерту жасалғанымен, нәтиже көңіл көншітпей тұр" дейді.

«Жол картасы жасалған болатын. Ол 2024 жылы жасалған. Заңсыз қоқыстарды жою туралы тиісті уақыты көрсетілген. Өкінішке қарай, 2024 жылы бұл тапсырма орындалмады. Заңсыз тасталған қоқыстардың уақытылы алынбауына байланысты лауазымды тұлғаларға, ЖКХ бөлімінің басшыларына тиісті айыппұл салынып, өндіріп алынды», - деді Экология департаменті басшысы орынбасарының м.а. Шабдан Тынымбаев.

Соңғы тексеру кезінде де жұмысты жандандыру қажеттігі ескертіліпті. Бірақ жергілікті әкімдік өкілдері мәселені толық шешу үшін ресурстың жетіспейтінін алға тартып келеді. Қала тұрғындары тарапынан да шағым күрт көбейген. 

«Қаламыздағы рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын тазалауға 27 млн теңге ақша бөлінді. Жыл аяғына дейін 50-ге жуық қоқыс алаңын тазартамыз деген ойдамыз. Биыл бітпейді. Қалғаны келесі жылы қарастырылады», - деді Қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы Әділ Темоханов.

Оқи отырыңыз: Жарық та, жол да, жедел жәрдем де жоқ: Жаңадәуір жұрты мұң-зарын айтты

Новости партнеров