Жарық та, жол да, жедел жәрдем де жоқ: Жаңадәуір жұрты мұң-зарын айтты

Алматы облысында бүтін бір ауыл өркениеттен мақұрым қалып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында өркениеттен жырақ ауыл бар. Елдімекеннің іргесі 7 жыл бұрын қаланғанымен, жаңадәуірліктер жарықсыз, жолсыз күн кешіп отыр. Тұрғындар тіпті, қалаға жету үшін қалың орманды кесіп өтеді. Бұл – халықтың таңдауы емес, жалғыз амалы. Өйткені, аймақта бұдан басқа айналып өтер жол жоқ. Оның өзі өзгенің меншігінде көрінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бір қарағанда бұл жер ну тоғай секілді көрінуі мүмкін. Алайда Жаңадәуір жұрты дәл осы қалың ағаштың арасымен қалаға қатынайды. Халық кеш батса қараңғылық құшағына енетін соқпақпен күнде жүрексініп өтеміз дейді.

«Үлкендерге, жарайды, білінбейді. Кешке, қараңғыда қаңғыған иттер көп жүреді. 2-3 рет шабуыл жасады. Менің мүгедек балам бар, балдақпен жүреді. Ол мектепке барып келуге қиналады. Мектеп жап-жақын болса да, оған оңай емес. Ал қыс келсе, көктемде, ауылдың бас жағына тастап кетеміз, кіре алмаймыз», - дейді Жаңадәуір ауылының тұрғыны Болат Құндыбаев.

Тұрғындардың айтуынша, бұл маңға көлік келмек түгілі, жедел жәрдем жете алмайды. Жұрт сырқат баласын көтеріп, тасжолға дейін өздері апарады екен.

«Тоғайдың ар жағында ешкім тұрмайды дейді. Біз жаққа ешкім келмейді, тіпті көрмейді де. Сол күні ауырып қалғанымызда жедел жәрдем де жеткен жоқ. Балалар көлікке отырғызғанның өзінде әрең алып барды. Біз жедел жәрдемді күтіп отырсақ, өліп кетуіміз де мүмкін. Өзіміз әкелген арба да үш күнге жетпей сынды да қалды», - дейді Жаңадәуір ауылының тұрғыны Жұмахан Мәзбиқызы.

Жаңадәуірліктер бұл проблеманы бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Жауаптылардан тым құрығанда көлік жүре алатындай ашық жолды тездетіп төсеп беруді сұрайды. Алайда әкімдік өкілдері тек уәде берумен шектеліп отыр.

«Қазіргі уақытта бюджеттен қаражат сұрап жатырмыз. Бұл бойынша бюджеттік өтінім беріп жатырмыз. Қаражат бөлініп жатыр. Бізде бұдан да бөлек ескі жолдар бар. Алдымен ескі жолдарды жасауымыз керек. Одан кейін жаңа жолды қолға аламыз», - деді Алатау қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімінің басшысы Дәурен Досалинов.

Ескі жолдың есебі түгенделмей, жаңадәуірліктерді жаңа жол әзір жарылқамайтын секілді. Әкімдік өкілінің айтуынша, халықтың қасқа жолмен қашанғы қатынайтыны белгісіз. Ал қалың ағаштың қожайыны бой көрсетсе, қатынау тіпті қиындайма деп алаңдайды.

Оқи отырыңыз: Темір тордан еркіндікке: рақымшылықпен бостандыққа шыққандар кімдер

Новости партнеров