Тоқаев денсаулық сақтау мен әлеуметтік саладағы алаяқтықты қатаң тексеруді тапсырды

10.02.2026 12:27

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің барынша ашық болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті

Depositphotos.com

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында 30-дан астам ақпараттық жүйе бір-бірімен байланыспай, жеке-жеке жұмыс істеп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жүйелерді толық интеграциялау жөніндегі талаптар бұрын бірнеше рет қойылғанымен, нақты нәтиже болмаған. Президенттің айтуынша, бюджет қаржысының жымқырылуына әкелетін негізгі себептердің бірі де осы.

Мемлекет басшысы салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған көлемдегі алаяқтық әрекеттердің орын алғанына назар аударды. Оның үстіне бұл фактілер әлеуметтік салада тіркелген. Осыған байланысты Президент Бас прокуратура мен басқа да уәкілетті органдарға қылмыстардың қашан жасалғанына немесе кімдер тарапынан жасырылғанына қарамастан, барлық деректі жан-жақты тексеріп, шынайы мән-жайды анықтауды тапсырды. Тергеу барысы Мемлекет басшысының жеке бақылауында болады.

Президент Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру жұмысын толық аяқтауды тапсырды. Аталған жүйе барлық медициналық үдерістерді басынан аяғына дейін бақылап, толық қадағалауды қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің барынша ашық болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат рәсімдеу және деректерді бұрмалау фактілері анықталған. Бұл мәселе Ұлттық құрылтай отырысында да арнайы көтерілген.

Президент тағы да барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар тұлғаларды заң аясында жауапқа тарту қажеттігін қадап айтты. Бас прокуратура мен тиісті құқық қорғау органдары бұл бағытта қатаң шара қабылдауы тиіс.

Мемлекет басшысы білім саласында да алаяқтық фактілері анықталғанын айтып, заң бұзған азаматтардың міндетті түрде жауапкершілікке тартылуы керектігін жеткізді.

Осыған байланысты Президент Үкіметке жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын толық цифрландыруды тапсырды. Бұл шара жүйенің ашықтығын арттырып, қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Оқи отырыңыз: Президент бюджетті қатаң тәртіпке келтіруді және өңірлердің қаржылық орнықтылығын күшейтуді тапсырды