Президент бюджетті қатаң тәртіпке келтіруді және өңірлердің қаржылық орнықтылығын күшейтуді тапсырды

пресс-служба Акорды
пресс-служба Акорды

Үкіметке 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына толық ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу тетігін жетілдіру тапсырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы фискалдық саясаттың тиімділігі ең алдымен бюджетті жүйелеу және қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын толық қайта қарап, бұл жұмысты созбалаңға салмау қажет. Аталған міндетті орындауда Қаржы және Экономика министрліктері қатаңдық пен табандылық танытуы тиіс.

Президент бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін басқаруды күшейту қажеттігін айтты. Үкімет пен әкімдердің бюджетті игерілмей қалудан қауіптеніп, жобаларға формалды түрде қаржы бөлу тәжірибесін тоқтататын уақыт келгенін атап өтті. Мұндай шешімдердің субъективті қабылданып, қаражаттың таңдаулы топтарға ғана берілуі мемлекет мүддесіне қайшы әрекет ретінде бағаланатыны ескертілді.

Мемлекет басшысының сөзінше, бюджет қаражаты азаматтарға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына үлес қосатын жобаларға ғана бағытталуы тиіс. Осыған байланысты Үкіметке 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына толық ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу тетігін жетілдіру тапсырылды. Бұл талап квазимемлекеттік секторға да қатысты.

Президент бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет екенін тағы да атап өтті. Қазіргі таңда бұл құрал мемлекеттік сатып алу, субсидиялау және Ұлттық қордан ірі жобаларды қаржыландыру барысында тиімді қолданылып келеді. Алдағы уақытта оны басқа салаларға да енгізіп, аясын кеңейту қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аймақтардағы бюджеттік жоспарлаудың сапасына ерекше назар аударды. Соңғы жылдары өңірлердің кіріс базасы айтарлықтай артқанымен, кейбір жағдайларда жергілікті бюджетке жеткілікті қаржы бөлмей, қосымша міндеттемелер жүктеу фактілері жиілеген. Мұндай тәжірибе бюджетаралық қатынастардың қисынына қайшы және қабылданатын шешімдерге деген сенімді әлсіретеді.

Президент жергілікті атқарушы органдарға берілетін қаржы ресурстары мен олардың міндеттемелері өзара теңгерімді болуы тиіс екенін атап өтті. Қазақстан бір орталықтан басқарылатын унитарлы мемлекет болғандықтан, ел әлеуетін нығайту мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолында барлық деңгейдегі билік бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Мемлекет басшысы жаңа Бюджет кодексінде бюджетаралық қатынастар нақтыланып, барлық деңгейдегі жауапкершілік қайта қаралғанын айтты. Енді бұл нормалардың өңірлерде іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні тексерілуі тиіс. Егер қолданыстағы тетіктер тиімсіз екені анықталса, оларды жедел әрі батыл түрде түзету қажет.

Сонымен бірге жаңа ережелер өңірлердің қаржылық дербестігін шектемеуі және олардың кіріс көздерін ұлғайтуға деген ынтасына кері әсер етпеуі тиіс екені баса айтылды. Үкімет аймақтардың қаржылық орнықтылығын нығайтуға бағытталған шараларды қабылдауға міндетті.

Президенттің тапсырмасымен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамыту тұжырымдамасы бекітілгені атап өтілді. Оның негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп келе жатқанымен, шешімін таппаған мәселелер әлі де бар.

Атап айтқанда, өңірлердің инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орта есеппен 64,1 пайызды құрайды және бұл көрсеткіш аймақтар арасында айтарлықтай алшақ. Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсер етуде. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы облысында бұл мәселе өткір тұр.

Осыған байланысты Президент өңір басшыларына экономиканы әртараптандыруға, азаматтардың табысын арттыруға, инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдауға, сапалы инвестиция тартуға және шағын әрі орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беруді тапсырды.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйледі

Новости партнеров